Жасанды интеллект пен исламдық қаржы: ITS 2027 жылдың бағыты қандай?

Инвестициялық кеңесті жасанды интеллект береді, бірақ шешімді қатаң алгоритм. Исламдық қаржы енді тек мұсылмандарға арналған тауашалық нарық емес, бүкіл өңірдің өсу нүктесі. 10 қарашада ITS биржалық алаңы журналистермен дәстүрлі жылдық кездесуде 2027 жылдың басты бағыттарын атады.

Негізгі тұжырымдар:

  1. ITS-тің алғашқы ЖИ-өнімі исламдық инвестициялық агент 2027 жылдың І тоқсанында іске қосылады. Ол клиенттің сұрағынан нақты мәмілеге дейінгі жолды алты қадамда өтеді.
  2. ЖИ инвесторға баға бермейді. Тілдік модель тек сөйлеседі, ал инвестор профилі мен портфельді CFA Institute әдістемесіне негізделген қатаң алгоритм анықтайды.
  3. 17 жылда алғаш рет кәдімгі банктерде исламдық терезелер ашуға рұқсат берілді. Halyk Bank пен Отбасы банк шешімін қабылдап қойды, 2027 жылы исламдық ипотека пайда болады.
  4. Шариғаттық ITSS ETF-і 34%-дан астам өсті, ал оның пайдаланушылары дәстүрлі ETF-терге қарағанда екі есеге жуық көп.
  5. Қазақстан — Дубай мен Вена деңгейінде: бағалы қағаздардың қайталама саудасы айына 6 млрд долларға жуықтады, оның 4 млрд доллары шамасы ITS-ке тиесілі.
  6. ЖИ-ге деген ажиотаж 2027 жылы бәсеңдейді, бірақ ақша нарықтан кетпейді — қорғаныс секторларына ауысады.

Жаңа инвесторды нарықтан не алыстатады? ITS басқарушы директоры Александр Диаковскийдің жауабы қарапайым: 3 200-ден астам құралдың ішінен нені сатып алу керегін түсінбеу. Дәл осы кедергіні жою үшін ITS серіктестерімен бірге исламдық инвестициялық ЖИ-агент әзірлеп жатыр. Бұл алаңдағы алғашқы жасанды интеллект өнімі.

Жобаға төрт тарап қатысады: ITS биржасы, PAIDAX брокері, Ailat шариғаттық скрининг компаниясы және исламдық қаржы сарапшысы Мұрат Қылышбай.

«Үлкен тілдік модельдер қаржы тілінен қарапайым адам тіліне аудармашы қызметін атқарады. Бұл нарыққа инвесторлардың жаңа топтарын әкеле алатын бағыт», — дейді Александр Диаковский.

Агент қалай жұмыс істейді — алты қадам:

  1. Клиенттің сұрауы
  2. Деректерді жинау
  3. Стратегия таңдау
  4. Портфель ұсынысы
  5. PAIDAX брокерінде растау
  6. ITS-те орындау

Портфельге тек халал құралдар кіреді: акциялар, сукуктер, ақша нарығы қорлары, мүмкін, алтын.

Шешімді ЖИ емес, алгоритм шығарады. Жобаның басты қағидасы тілдік модель тек диалогқа жауап береді. Инвестордың профилі мен портфель құрамын CFA Institute әдістемесіне сүйенген қатаң алгоритм анықтайды, ал бағалаулар әр түрлі болса, ең сақ нұсқасы таңдалады. Бағалы қағаздың шариғатқа сәйкестігін де ITS емес, аккредиттелген скрининг компаниясы белгілейді: қағаз бұл мәртебесінен айырылса, ITS оны қордан шығарады.

Іске қосу жоспары. Бірінші нұсқада агент портфельді тек құрастырады, ал оны брокер орындайды — агенттің сауда ядросына тікелей қолжетімділігі болмайды. Келешекте портфельді автономды түрде құрастыру және қайта теңгеру жоспарланған.

Сукук тапшылығы. Диаковскийдің айтуынша, сукук нарығындағы негізгі шектеу сұраныста емес, ұсыныста: шығарылымдар бастапқы орналастыру кезінде-ақ толық таратылып кетеді, ал инвесторлар қағаздарды өтеу мерзіміне дейін ұстайды. ITS Парсы шығанағының ірі қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп отыр және 2027 жылдың І тоқсанында тіркелген табыстылығы бар өтімді құралдар желісін іске қосуды көздейді.

Исламдық қаржы: бағаланбаған әлеует

ITS исламдық қаржы секторын дамыту жөніндегі директоры Мұрат Қылышбай өңірдегі нарықтың көлемі әзірге шағын екенін, бірақ дәл сол себепті өсу әлеуеті зор екенін атап өтті.

Көрсеткіш Мәні
Орталық Азиядағы исламдық активтер нарығы 1 млрд доллардан сәл аз
Оның ішінде Қазақстанның екі исламдық банкі шамамен 600 млн доллар
Қазақстандағы исламдық активтердің үлесі шамамен 1%
ITSS шариғаттық ETF-інің өсімі 34%-дан астам

Өзбекстанда бұл нарық енді ғана қалыптасып келеді. Халықтың саны мен құрамын ескерсек, сарапшылар өңірде үлкен өсу күтеді.

Банктер туралы жаңа заң 17 жылда алғаш рет дәстүрлі банктердің ішінде исламдық терезелер ашуға мүмкіндік берді. Бұған дейін исламдық өнімдерді тек жеке исламдық банк ұсына алатын. Енді нарыққа ірі ойыншылар келеді:

  • Halyk Bank пен Отбасы банктің акционерлері исламдық терезе ашу туралы шешім қабылдады;
  • жыл соңына дейін кемінде үш ірі банк лицензия алуы тиіс;
  • 2027 жылы исламдық ипотека іске қосылуы керек;
  • АХҚО-да катарлық Al-Amanah Islamic Bank лицензия алды, Tansar Islamic Bank қағидаттық мақұлдауға ие болды, исламдық қаржы компаниялары да лицензия алып жатыр.

«Биыл айтулы жыл болды. 17 жылда алғаш рет реттеуші әдеттегі банктердің ішінде исламдық терезелер ашуға рұқсат берді. Бұл өзгерістер нарыққа қуатты серпін береді, өйткені оған ірі ойыншылардың кіруіне мүмкіндік туды», — дейді Мұрат Қылышбай.

Исламдық терезелер көбейген сайын бөлшек клиенттерде заңды сұрақ туады: жинағын шариғат қағидаттарына сай қалай инвестициялауға болады? ITS мұндай құралдарды әдеттегі арналар арқылы, соның ішінде жеке халал акцияларды сатып алу мүмкіндігі арқылы қолжетімді етуді мақсат тұтады. Алаң құралдары кез келген тәуекел деңгейіне  консервативті, теңгерімді немесе агрессивті сай шариғаттық портфель құруға мүмкіндік береді.

Орталық Азияда исламдық өтімділікті қысқа мерзімге орналастыратын құралдар әлі жоқ. Исламдық банктердің активтері өскен сайын бұл басты мәселелердің біріне айналады. ITS өтімділік пулын құру нұсқаларын қарастырып отыр. Алаң үшін исламдық терезе ашатын банктер өнімдерді клиенттерге жеткізу арнасына, ал исламдық банктер жаңа институционалдық клиенттерге айналады.

«Исламдық банктер біздің клиенттерімізге айналуда, өйткені олар активтерін зайырлы құралдарға орналастыра алмайды. Біз үшін бұл тек жаңа бөлшек клиенттер ғана емес, жаңа институционалдық клиенттер де».

Шариғатқа сәйкес инфрақұрылым. ITS бүкіл инфрақұрылымы бағалы қағаздарды сақтау, есепке алу және есеп айырысу бойынша тәуелсіз шариғаттық аудиттен өтті. Аудит қорытындысы бойынша алаң құрылымы шариғат қағидаттарына сәйкес келеді.

ITS Директорлар кеңесінің мүшесі Роман Горюнов та бұл бағытқа ерекше мән берді: оның айтуынша, исламдық қаржы тек мұсылмандарға ғана емес, кез келген инвесторға қызықты болуы мүмкін.

«Исламдық қаржы Қазақстанда және өңірде болашағына біз нық сенетін бағыттардың бірі. Қарапайым инвесторлар бұл құралдарды қазір мүлдем жете бағаламай отыр», — деді Роман Горюнов.

ЖИ және нарық: ажиотаждан кейін не болады?

ITS талдау департаментінің директоры Павел Пахомов 2026 жылы қор нарығын екі фактор қозғағанын айтты: геосаяси шиеленіс және жасанды интеллект компанияларына деген жоғары қызығушылық. ЖИ-акциялар құбылмалы болып отыр, ал АҚШ нарығы қатарынан төртінші жыл өсуде — соңғы 50 жылда мұндай ұзақ өсу тек екі рет болған.

  • 2027 жылы ЖИ секторына қызығушылық бәсеңдейді, бірақ кейбір акциялар, соның ішінде NVIDIA, қазірдің өзінде салыстырмалы түрде тартымды бағамен саудаланып жатыр.
  • Капитал нарықтан кетпейді: инвесторлар технология секторындағы пайданы бекітіп, тұтыну, энергетика, коммуналдық секторларға және денсаулық сақтауға ауысуда.
  • 2027 жылдың перспективалы бағыттары: қорғаныс секторлары (телеком, коммуналдық қызметтер, тұтыну), қорғаныс өнеркәсібі, ғарыш және авиақұрылыс тоғысындағы компаниялар, денсаулық сақтау.

«Қорқыныш әзірге ашкөздікті жеңе алмай тұр. Жасанды интеллект — алдағы жылдардың даңғыл жолы екенін бәрі түсінеді, оны ешкім жоққа шығармайды», — дейді Павел Пахомов.

Қысқаша: ITS-тің басқа жаңалықтары

Қазақстан тұйық шеңберден шықты. Роман Горюновтың айтуынша, «өтімділік жоқ — инвестор жоқ» шеңберінен шығуда АХҚО шешуші рөл атқарды. Келесі қадам  халықаралық инвесторлардың сұранысын қазақстандық, кейін Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан бағалы қағаздарына бағыттау. ITS-те американдық акциялар, халықаралық облигациялар, репо, валюта мен деривативтер бірыңғай позиция аясында саудаланады, алаң демалыс күндері де жұмыс істейді.

2027 жыл — деривативтер жылы. ITS валюталық фьючерстер мен акцияларға опциондар енгізуді жоспарлап отыр. Спортқа бәс тігу жоспарда жоқ.

Болжам нарығы: екі айдағы нәтиже. ITS операциялық директоры Сергей Данов 8 қыркүйектен бері 54 келісімшарт іске қосылып, 1090 мәміле жасалғанын айтты. Оның ішінде Anthropic компаниясының IPO-сына байланысты 26 құрал бар: инвесторлар орналастырудың мерзімі мен капитализацияның көлеміне (1,25–3 трлн доллар) «иә» немесе «жоқ» позициясын ала алады. Нарық АХҚО-ның FinTech Lab реттеушілік құмсалғышында жұмыс істейді, әзірге тек кәсіби инвесторлар үшін. Букмекерден айырмашылығы — биржа клиентке қарсы ойнамайды, мәміленің екінші жағында әрқашан басқа инвестор тұрады.

«Біз мұндай өнімді іске асырған әлемдегі алғашқы бестіктің, ең көбі ондықтың қатарындамыз. Мұны мақтан тұтуға болады, біз мақтан тұтамыз», — деді Сергей Данов.

Технология өзгергенмен, инвестицияның мәні өзгермейді. Александр Диаковский айтқандай: «Жинақ пен балалардың болашағы — мыңдаған жылдық тақырып. Жаңа технологиялардың пайда болуымен ол ешқайда жоғалмайды»

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ