Алматыда Әділ Қабыловтың “Ұшқан күн» атты жеке көрмесі ашылды

Алматы қаласындағы Occupy Steppe галереясында Әділ Қабыловтың “Ұшқан күн» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті. Жоба Efes Art Space-тің 2026 жылғы көрме маусымын қорытындылаған соңғы экспозиция болды. Көрменің кураторы – Оля Веселова.
Әділ Қабылов – Қарағанды қаласының тумасы, аутизммен өмір сүретін жас суретші. Ол үшін өнер – әлеммен байланыс орнатудың негізгі тілі. Бұл тілдің ерекшелігі – оның шынайылығында, ассоциацияларға негізделген еркін ойлауында және қалыптасқан үлгілерге бағынбайтындығында. Экспозицияға суретшінің 2025–2026 жылдары салған туындылары еніп, көрерменді автордың өзіндік көркемдік әлемімен таныстырады.
Әділдің шығармалары қанық, кейде неон түстеріндей жарқын бояуларымен, айқын графикалық сызықтарымен және тосын образдар үйлесімімен ерекшеленеді. Оның шығармашылығында күнделікті өмірдегі сөздер мен заттар интуицияға сүйене отырып, күтпеген үйлесім тауып, өзіндік көркемдік логика қалыптастырады. Жоба кураторы Оля Веселованың айтуынша, «Барашек тик-так», «Роза духи», «Камень море», «Хубу Буба Пуп» секілді туындылардың атаулары жай ғана тақырып емес, суретшінің визуалды тілінің жалғасы. Мұнда сөздің өзі көркем образға айналады.

Көрме аңғал өнер бағытына жақын болғанымен, суретшінің әлемге деген тікелей әрі шынайы көзқарасының астарында қоршаған ортаны және мәдени жадыны терең зерттеу жатыр. Кураторлық тұжырымдамада суретшінің жеке мифологиясы мен кең ауқымды мәдени контекст арасындағы байланысқа басымдық берілген. Әділ таңбаларға, тотемдерге және петроглифтерге жүгініп, қазақ даласының бейнелерін өзінше зерделейді. «Солнышко Казахстан», «Музыка Казахстан» және «Осел пустыня» туындыларынан Тамғалы шатқалындағы жартас суреттеріне тән күн символдары мен композициялық шешімдердің жаңғырығын байқауға болады.
Суретшінің шығармаларында жылқы, қошқар, жолбарыс пен қасқыр секілді жануарлар ерекше орын алады. Олар жай ғана картина кейіпкерлері емес, дала болмысын танытатын символдық бейнелер ретінде көрініс табады. Бір туындыдан екіншісіне ауысып отыратын бұл образдар табиғат, тарих пен қиял тоғысқан ерекше көркем әлем қалыптастырады.
Әділдің шығармашылық қолтаңбасының қалыптасуында оның тәлімгері, белгілі қазақстандық суретші Евгения Казакованың рөлі зор. Ол жас автордың көркемдік дағдыларын жетілдіруіне, дербес ойлау қабілетін дамытуына көмектесіп, сонымен бірге оның жеке шығармашылық ерекшелігін сақтауға мән береді.
Экспозицияның көркемдік тілі қанық, экспрессивті бояулар мен жинақы графиканың үйлесіміне негізделген. Бір қарағанда, бір-бірімен үйлеспейтіндей көрінетін элементтер тұтас композицияға бірігеді. Мұнда сызық белгіге, ал түс эмоцияға айналады.
Көрменің атауы суретшінің “Ұшқан күн» атты туындысынан алынған. Шағын форматтағы бұл жұмыс бүкіл жобаның негізгі идеясын ашады: Әділдің көркем әлемінде күн бір орында тұрмайды, ол ұшады. Бұл образ экспозициядағы ұшқан аттар, қанаттар мен теңізшілер бейнелерімен үндеседі. Қозғалыс мұнда еркін қиял мен әлемді өзгеше қабылдаудың символына айналған.
Efes Kazakhstan компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Зейнеп Еркан Альп:
«Біз үшін өнерді қолдау – жаңа авторлардың шығармашылығына үн қосуға мүмкіндік беру. Әділдің көрмесі өзінің шынайылығымен және Қазақстанның мәдени кодтарына жасаған ерекше үндеуімен құнды. Көрме маусымын дәл осындай мазмұнды әрі шынайы жобамен аяқтап отырғанымызға қуаныштымыз»

“Ұшқан күн» көрмесі көрерменді үйреншікті дүниелерге ассоциациялар, символдар мен тосын көркемдік шешімдер арқылы жаңаша қарауға шақырады.
Жоба туралы ақпарат:
Суретші: Әділ Қабылов.
Efes Art Space кураторы: Оля Веселова.
Тәлімгері: Евгения Казакова.
Арт-менеджері: Жарқын Әбілқайырова.
Өтетін орны: Occupy Steppe (Atakent Mall, 1-қабат, 29-бутик, ресепшн жанында, Манас көшесі жағынан кіру).




