MIGA Қазақстанда энергетикалық ауысу аясындағы ірі энергетикалық жобаларды дамытуға қолдау көрсетеді

Дүниежүзілік банк тобының Кепілдіктер платформасы жұмыс істейтін Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттік (MIGA) Қазақстанда жаңартылатын энергетика жобаларын дамытуға  қолдау көрсету мақсатында кепілдіктер ұсынды. Бұл қолдау Қазақстанның қазба отынға тәуелдікті азайту және таза энергетика секторында жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Бұл ретте әйелдер үшін жұмыс орындарын көбейтуге және олардың сапасын арттыруға ерекше назар аударылады.

MIGA Германияның KfW Даму банкі Қазақстанның Даму Банкіне (ҚДБ) беретін 200 млн АҚШ доллары көлеміндегі кредит бойынша кепілдік ұсынды. ҚДБ алынған қаражатты ашық кредиттік желі шеңберінде жаңартылатын энергетика секторындағы жобалар портфелін қаржыландыруға байланысты.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы электр энергиясын өндіру қуаттарының жартысынан астамы көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларына тиесілі болды, олардың көбі ескіріп келе жатқан станциялар. Ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесі өндірілген электр энергиясының жалпы көлемінің 13,5 пайызын құрады. Жоба өнеркәсіп саласында электр энергиясына сұраныс артып отырған жағдайда Қазақстанның таза энергетиканы одан әрі дамыту жөніндегі күш-жігеріне қолдау көрсетеді.

ҚДБ сондай-ақ жаңартылатын энергетика секторында әйелдер үшін жұмыс орындарының санын көбейтуге және сапасын арттыруға бағытталған Гендерлік іс-қимыл жоспарын іске асыруға міндеттеме алды; жоспарда әйелдердің техникалық және басшылық лауазымдарда жұмыс істеуіне, сондай-ақ тағылымдамалардан өтуіне қатысты нысаналы көрсеткіштер көзделген.

Бұл жоба Дүниежүзілік банк тобының Қазақстанмен әріптестік тұжырымдамасы мен 2024–2030 жылдарға арналған Гендерлік стратегиясына сәйкес, елдің анағұрлым таза әрі орнықты энергетикалық жүйеге көшуіне көрсетіп отырған қолдауын толықтыра түседі. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк Қазақстанмен энергетикалық субсидияларды реформалау, тарифтерді қалыптастыру әдістемесін жаңғырту және энергетика секторының институционалдық әлеуетін нығайту мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатып келеді.

Бұл жоба — MIGA мен KfW осы айда қол қойған ынтымақтастық туралы жаңа негіздемелік келісім аясында әзірленген алғашқы қаржылық операция. Келісім бірлескен жобаларды айқындауға және қолдауға, тиісті ақпаратпен бөлісуге, іс-қимылдарды үйлестіруге және білім алмасуға бағытталған. Үш жылға жасалған келісім екі ұйымға дамушы елдерде орнықты инвестицияларды ынталандыру мақсатында қаржыландыру және кепілдік өнімдерін үйлестіруге мүмкіндік береді.

«Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, сондай-ақ әйелдерге арналған жұмыс орындарының санын көбейтіп, сапасын арттыру жөнінде ауқымды міндеттер қойып отыр. MIGA мен Дүниежүзілік банк тобы даму саласындағы негізгі екі серіктесіміз – ҚДБ мен KfW қатысатын осы маңызды жоба арқылы Қазақстанның аталған мақсаттарға қол жеткізуіне қолдау көрсетуге қуанышты», – деді MIGA-ның басқарушы директоры Цутому Ямамото. «Біз сондай-ақ орнықты даму мақсатында жеке капиталды жұмылдыруға деген ортақ ұстанымымызға негізделген жаңа келісім аясында KfW-мен ынтымақтастықты бастауға қуаныштымыз», – деп қосты ол.

«Біз Қазақстанның энергетика саласындағы ауқымды өзгерістерін Қазақстанның Даму Банкімен және MIGA-мен бірлесіп қолдауға қуаныштымыз, – деді KfW-нің Еуропа, Азия және үлестік капиталға инвестициялар бағыты бойынша аға вице-президенті Олаф Цимелька. – Бұл мәміле маңызды кезеңді білдіреді және дамуды қаржыландыру институттары арасындағы стратегиялық әріптестіктің орнықты инвестицияларға қомақты көлемде капитал тартуға қалай ықпал ете алатынын көрсетеді. MIGA-мен тығыз ынтымақтастығымызға және жеке капиталды жұмылдыруға деген ортақ ұстанымымызға сүйене отырып, біз Қазақстанда да, басқа елдерде де ұзақ мерзімді экономикалық даму үшін, әсіресе жаңартылатын энергетика, орнықты инфрақұрылым және жеке инвестициялар салаларында жаңа мүмкіндіктер ашудың зор әлеуетін көріп отырмыз».

«MIGA кепілдігімен қамтамасыз етілген KfW кредиті Қазақстанның Даму Банкіне ірі жел және күн электр станцияларын салу жобаларының портфелін қаржыландыру үшін қосымша ресурстар береді, – деді Қазақстанның Даму Банкі Басқармасының төрағасы Марат Елибаев. – Жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайту Қазақстанның энергетикалық теңгерімін әртараптандыру, электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру және еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына ілгерілеу үшін маңызды. Жаңа электр энергиясын өндіру қуаттарын қаржыландырумен қатар, біз бұл жобаларды жергілікті мамандардың сараптамалық әлеуетін нығайтуға және еліміздің жаңартылатын энергетика секторына қажетті кәсіби дағдыларды дамытуға мүмкіндік ретінде қарастырамыз».

MIGA кепілдігі мемлекеттік кәсіпорынның қаржылық міндеттемелерін орындамау тәуекелін өтейді.

Дүниежүзілік банктің БАҚ-пен байланыс қызметі