Алматыда 2027 жылы 1 қаңтардан бастап LEZ аймағында көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отыр

Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көмір базаларын Алматыдан Алматы облысына көшіру туралы тапсырманың орындалу барысы қаралды. 2026 жылдың соңына дейін қалалық көмір базаларына теміржол арқылы көмір жеткізуді тоқтату жоспарланып отыр.
Отырыс барысында көмір базаларын көшіру жөнінде бұрын тапсырма берілгеніне қарамастан, кейбір нысандарда отынды түсіру және сату жұмыстары әлі де жалғасып жатқаны айтылды.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта көмір базаларында шамамен 24 мың тонна көмір бар. Оның 22,8 мың тоннасы немесе 95%-ы кірпіш зауыттарына арналған ұсақ фракциялы көмір. Қолданыстағы алаңдарды жалға алу шарттарын бұзу жұмыстарын 2026 жылы 31 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған.
Бұл жұмыс атмосфералық ауаның ластануын азайтуға бағытталған кешенді шаралар аясында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қалада шағын және орта бизнес нысандарын қатты отыннан газға көшіру жұмыстары жалғасуда.
«Eco Almaty» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, газға көшіру жұмыстары қамтыған 2 395 нысанның 1 879-ы газға қосылған. Қалған 516 нысан әлі де қатты отын пайдаланып отыр.
Оларды газға көшіру жұмыстарын атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының талаптарын ескере отырып және шығарындылар деңгейі төмен аймақты (LEZ) кезең-кезеңімен енгізу аясында жалғастыру қажет.
Жеке тұрғын үйлерді газбен жабдықтау желісіне қосу жұмыстары да жалғасып жатыр. Алматының жеке секторын газдандыру деңгейі 99,6%. Бұл үйлердің басым бөлігінде табиғи газға қосылудың техникалық мүмкіндігі бар екенін білдіреді.
Алматы қаласының баспасөз қызметі



