Алматыда «Qurmangazy & Piano» концерті өтті

Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі мен Қазақстанның халық артисі, пианист Жәния Әубәкірованың қатысуымен «Qurmangazy & Piano» концерті өтті.
Концертте Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша-думан» симфониялық күйі, Илья Жақановтың «Даниярдың әні», Жаяу Мұса Байжанұлының «Ақ сиса», Сегіз серінің «Гауһартас» әндері және биыл туғанына 100 жыл толып отырған Мәкәлім Қойшыбаевтың «Ре мажор» симфониясы орындалды. Оркестрге «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген дирижерлік етті.
Жәния Әубәкірова Нағым Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңыз» шығармасын және Эдвард Григтің фортепиано мен оркестрге арналған ля минор концертін орындады. Ал оркестр Эдвард Григтің «Пер Гюнт» сюитасынан «Таң» және «Анитра биі» туындыларын ұсынды.
Қазақ музыкасы мен әлемдік классиканы тоғыстырған концерт ұлттық оркестр мен фортепианоның үндестігін айшықтап, оркестрдің орындаушылық мүмкіндіктерін танытты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі



