Home›Басты ақпарат›Орталық Азия кәсіпорындары электрондық коммерцияның көмегімен халықаралық нарықтарға шығуда
Орталық Азия кәсіпорындары электрондық коммерцияның көмегімен халықаралық нарықтарға шығуда
18.05.2023, 15:08
1 401
Халықаралық сауда орталығы, БҰҰ мен ДСҰ бірлескен агенттігі, Еуропалық Одақтың қолдауымен Орталық Азияның бес елінің шағын бизнес кәсіпорындарына NOVICA электрондық коммерция сауда платформасында қолөнер өнімдерін сатуға көмектесуде.(Алматы) NOVICA электрондық коммерция платформасы Еуропалық Одақ қаржыландыратын және Халықаралық сауда орталығы (ITC) іске асыратын «Ready4Trade Ортылық Азия» жобасы аясында Интернет арқылы «Жібек жолы» аймағының қолдан жасалған тауарларын сатуға шағын бизнесті қолдау үшін қолөнершілердің мүмкіндіктерін кеңейтетін хабты және Орталық Азиядағы «Artisans Connect» интернет-дүкенін іске қосуда.
Халықаралық сауда нарығына қол жеткізу бүкіл әлемде бірдей емес және онлайн платформалар электрондық коммерция экожүйесін нығайтуда шешуші рөл атқарады. Осы бастамаларды іске қосу арқылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қолөнершілері онлайн сатудың жаңа халықаралық арналарына шығады және тұтынушыларды тартады.
«Еуропалық Одақтың «Ready4Trade Орталық Азия» жобасы — бұл ынтымақтастық жобасы. Орталық Азия біріккен жағдайда күштірек болады деп сенеміз. «Ready4Trade» жобасы Орталық Азиядағы шағын бизнес үшін электрондық коммерцияны қолдайды. NOVICA қолөнершілердің мүмкіндіктерін кеңейту хабының көмегімен Орталық Азия кәсіпорындары халықаралық деңгейде күшті, орнықты және айқынырақ болады». Кестутис Янкаускас, Еуропалық Одақтың Елшісі.
Кәсіпорындарды тіркеу, сатуды жүзеге асыру
Қолөнершілердің мүмкіндіктерін кеңейту хабы тұтынушының қажеттіліктерін қанағаттандырудың барлық аспектілерін бақылай отырып, халықаралық сауда мен жеткізудің қиындықтарын жеңуге көмектеседі. Бұл үшін хаб Ready4Trade жобасынан 40 қолөнершіні таңдайды, оларды NOVICA онлайн арналарында тіркейді және олардың өнімдерін көрсету, сату, орау және экспресс жеткізудің барлық аспектілерімен айналысады. Хаб NOVICA дүкеніне және қолөнершілерге тікелей қол жетімді емес басқа платформаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оларға ЮНИСЕФ нарығы, Kiva дүкені, Cмитсондық халық шығармашылығы фестивалі (Smithsonian Folklife Festival), дүниежүзілік Road Scholar базары (Road Scholar World Bazaar), сондай-ақ NOVICA-ның Amazon, Overstock және Wayfair дүкендері кіреді.
«Орталық Азияның қолдан жасалған бай өнері мен зергерлік дәстүрлері миллиондаған әділ сауданы қолдайтын сатып алушыларға ұнайды», — деді Роберто Милк, NOVICA компаниясының негізін қалаушы және бас директоры: «Біз ұрпақтан-ұрпаққа берілетін аймақтың керемет сәндік дәстүрлерін, әшекейленген амулеттер мен тұмарларды және зергерлік бұйымдарды сақтауға және нығайтуға көмектесу үшін бар күшімізді саламыз ».
«Artisans Connect» электрондық коммерция дүкенінде осы төрт жылдық Ready4Trade Орталық Азия жоба аясында электрондық коммерция туралы және жеке тренингтерден өткен кәсіпорындардың тауарлары ұсынылған. Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда жоба 34 жаттықтырушыға және 155 қолөнершілер мен кәсіпорындарға қолдау көрсетті (оның 98-ін әйелдер басқаратын кәсіпорындар). ITC-де оқыған ұлттық жаттықтырушылар үш елдің 28 аймағында 1200-ден астам жеке сабақ өткізді. Сонымен қатар, Тәжікстан мен Түрікменстанда 50 қолөнерші мен кәсіпорын осы елдердің электрондық коммерция экожүйелеріне бейімделу үшін жеке қолдау алды. 2022 жылғы ақпарат бойынша, қолөнершілерге мүмкіндік беретін тұрақты хаб іске қосылғанға дейін жоба аясында ашылған немесе оңтайландырылған онлайн арналар арқылы 2,5 миллион доллардан астам сатылым жасалынды. Қазақстанда әлеуетті арттыру және оқыту жөніндегі бастамалар «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы АҚ және Қазақстан қолөнершілер одағымен серіктестікте іске асырылды.
Сенімді серіктестік құру
«Шағын кәсіпорындардың әлемдік нарықтарда белсенді сауда жасауы үшін онлайн сауда алаңдарына қосылу басты фактор болып табылады», — деді Памела Кок-Гамильтон, ITC атқарушы директоры. «Бұл тек желіге кіру туралы ғана емес, сонымен қатар тұтынушыларды тарту, тауарларды орау және жеткізу, сондай-ақ сатып алушылармен өзара әрекеттесу дағдылары туралы. Осы хаб пен электрондық коммерция дүкенін NOVICA-мен бірлесіп іске қосу арқылы шағын фирмалар бүкіл әлем бойынша тұтынушыларға қолдан жасалған бұйымдарды жылдам және қиындықсыз сату үшін қажетті практикалық қолдау көрсетуде».
ITC және NOVICA алғаш рет 2021 жылы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды және содан бері бүкіл әлем бойынша қолөнершілерге мүмкіндік беру үшін тығыз жұмыс істейді. Жаһандық қолөнер секторының өсу әлеуеті бар: 2022 жылы бұл нарық 752,2 миллиард АҚШ долларын құрады. Тарихи тұрғыдан алғанда, қолөнершілер әлемдік сатылымның аз ғана пайызын құрайды, ал еңбек жағдайлары көптеген адамдар үшін қорқынышты. NOVICA және ITC осы мәселелерді шешу үшін бірлесіп жұмыс істейді.