Астанада дзюдодан әлемдік Grand Slam жарысы өтеді
Астанада 16-18 маусым күндері дзюдодан әлемдік Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы өтеді. Әлемнің кіл мықтылары жиналатын дода елордадағы “Барыс Арена” спорт сарайында өткізілмек.
Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен енген бұл жарысқа барлығы 43 елден 344 спортшы қатысады. Қатысушылардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Нора Гьакова (Косово), Фабио Базиле (Италия), Кисикью Сарах (Франция), Гурам Тушушвили (Грузия), Ван Дайк Санни (Нидерланды), Одетте Гюффрид (Италия), сондай-ақ әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Ассунто Скутто (Италия), Неманья Майдов (Сербия), Бека Гвиниашвили (Грузия), Ким Вон Джин (Оңтүстік Корея) бар.
Қазақстан намысын әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Абиба Абужақынова, бірнеше әлемдік Grand Slam және Гран-при жарыстарының жеңімпаз-жүлдегерлері Жансай Смағұлов, Нұрқанат Серікбаев, Данияр Шамшаев, Ғалия Тынбаева, Ислам Бозбаев бастаған бірқатар дзюдошылар қорғамақ.
Естеріңізге сала кетсек, бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, 1 орын үшін 1000, 2 орын үшін – 700, ал 3 орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.
«Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты ккелісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2023-2026 жылдар аралығында қабылдайды.
Үш күнге созылатын байрақты бәсекеге кіру тегін.
Жарыс кестесі:
16 маусым
Жарыстың басталуы – 10:00
Ашылу салтанаты – 16:00
Финалдық белдесулер – 17:00
Әйелдер: -48 кг, -52 кг, -57 кг
Ерлер: -60 кг, -66 кг
17 маусым
Жарыстың басталуы – 10:00
Финалдық белдесулер – 17:00
Әйелдер: -63 кг, -70 кг
Ерлер: -73 келі, -81 келі
18 маусым
Жарыстың басталуы – 10:00
Финалдық белдесулер – 17:00
Әйелдер: -78 келі, +78 келі
Ерлер: -90 кг, -100 кг, +100 кг