Қазақстандық балерина Индонезияда жаңа биді таныстырды

«Астана Опера» театрының солисі Шұғыла Әдепхан Джакартадағы JIExpo театры сахнасында өткен Indonesian Ballet Gala жобасында жарқын өнер көрсетіп, көпшілікті таңдай қақтырды. Қазақстандық әртіс Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-демен қатар, «Монолог» заманауи нөмірін орындады.
Гала-балет Италия мәдениет институты, Индонезиядағы Француз институты және Джакартадағы Австралия елшілігінің қолдауымен 13 тамызда өтті. Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған концертте отандасымызбен қатар, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Австралия, Филиппин, Индонезиядан және тағы басқа елдерден балет жұлдыздары өз шеберліктерін паш етті.
– Әлбетте, шетелге шығар алдында әрқашан толқыныс сезімі пайда болады. Бұл – менің осы елге алғашқы сапарым болғандықтан, басты мақсатым шығармашылығыммен таныс емес көрермендердің алдында қазақ балет өнерін таныстыру болды. Мұндай сапарлар балет әртісіне өсуге көмектесіп, ой-өрісін кеңейтеді. Біз тәжірибе жинақтап, ең бастысы –жаңа сахнада өнер көрсетуден шабыт аламыз. Өз басым гастрольден әрдайым жігермен ораламын, себебі әлемдік балет жұлдыздарының шығармашылығымен танысамын, олардың деңгейлеріне қарап, өзіме мотивация аламын және алдыма жаңа мақсаттар қоя бастаймын, – деді Шұғыла Әдепхан. – Мені Индонезияға Indonesian Ballet Gala жобасының ұйымдастырушылары шақырды. Үшінші индонезиялық балет фестивалінің бағдарламасына әлемдік репертуардан балеттік нөмірлерден бөлек, сирек орындалатын нео-классикалық және заманауи балет туындылары арнайы енгізілген. Сондықтан мен Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-демен қатар, әріптесім – «Астана Опера» солисі Сұлтанбек Ғұмардың маған арнап қойған «Монолог» деп аталатын заманауи нөмірін ұсындым.


Айта кетейік, Шұғыла Әдепхан А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесін және елордадағы Қазақ ұлттық хореография академиясын тамамдаған, ал 2017 жылдан бастап «Астана Опера» театрында балет солисі болып жұмыс істейді. Әртістің қызмет тізімінде Алматыда өткен «Өрлеу» және Берлинде өткен «Танцевальный олимп» байқауларындағы жүлделі орындар бар. Сондай-ақ ол Уфада Рудольф Нуреев атындағы балет өнері фестиваліне, Бейжің би фестиваліне қатысқан.
Сондай-ақ солист «Астана Опера» театрының оныншы мерейтойлық маусымы өзі үшін өте нәтижелі болғанын атап өтті. Мәселен, күзде, театр маусымының басында ол әріптесі Еркін Рахматуллаевпен бірге Беларусь Үлкен театрының сахнасында біртуар балетмейстер Валентин Елизарьевтің мерейтойына арналған гала-концертте өнер көрсетті. Қазақстандық балет жұбы Минск тұрғындарына Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де мен Патрик де Бананың хореографиясында «Дала үні» ұлттық балетінен үзінді ұсынды. Желтоқсанда Шұғыла Мельбурнде П.Чайковскийдің «Щелкунчик» әйгілі спектакліндегі Маридің партиясында жарқын өнер көрсетті, ал кейін, араға бір ай салып, Австралияға қайта оралды. Бұл жолы әртіс «Астана Опера премьері Бақтияр Адамжанмен бірге Сидней, Мельбурн және Брисбенде төрт гала-концертке қатысты. Осы жылы З.Палиашвили атындағы Тбилиси опера және балет театрының шақыруымен жетекші солист Арман Уразовпен бірге грузиялық көрермендерге қазақстандық балет өнерін паш етіп келді. Ал жуырда, яғни 25-26 шілдеде дарынды балерина өзінің туған ұжымымен бірге Словенияда 71-інші жазғы Любляна фестивалінде гастрольмен өнер көрсетті.


– «Астана Опера» балет труппасымен бірге және өзім жеке өнер көрсеткен гастрольдік тізімімде Беларусь, Ресей, Грузия, Австралия, Словения елдері бар болатын, енді бұл тізімге жақында Индонезия қосылды. Келешекте гастрольдерімнің географиясы кеңейе береді деп ойлаймын, себебі біздің театр қазақстандық классикалық өнерді шетелде таныстырып жүрген әртістерге әрдайым қолдау көрсетеді. «Астана Опера» дирекциясы мен балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бізге үнемі демеу болып отырады, сол үшін оларға шын көңілден ризамын, – деп қорытындылады Шұғыла Әдепхан.