Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі
ҚР МСМ Баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа оқу жылының басынан барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде мәдениет саласындағы мектептердің оқушылар да бар. Мәселен, 2023 жылға арналған республикалық бюджетті түзету кезінде интернатта тұрмайтын 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыруға 84 млн теңгеден астам сомаға бюджет қолдау тапты.
Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты екі мектепке 37 млн теңге бөлінеді. Атап айтқанда, К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған РММОМИ (23,2 млн теңге) және А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ-ге (13,8 млн теңге).
Қазіргі уақытта интернатта тұратын осы мектептердің 340 оқушысы бес мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіледі: А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ — 230 бала және К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған РММОМИ — 110 бала.
1-4 сыныптардағы балалардың ыстық тамағына 47,2 млн теңгені екі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жанындағы мектептер де алады. Бұл Қазақ ұлттық хореография академиясы жанындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп (20,2 млн теңге) және Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат (27 млн теңге).
«Жас дарындарды қолдау – біздің министрлік үшін маңызды жұмыс бағыты. Әрине, мектептерді қолдау балаларға тегін тамақ беру арқылы ғана емес, сонымен қатар жаңа құралдарды сатып алу, мұғалімдерге қосымша төлемдер және басқа да шаралар арқылы жүзеге асырылады. Көктемде министр Асхат Оралов Алматының бірқатар шығармашылық оқу орындарына барып, нәтижесінде оларға 258 млн теңге бөлу туралы шешім қабылданды. К.Байсейітова атындағы және А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарына 161 млн теңге бөлінді. Оның ішінде оқушыларды ыстық тамақпен қамту да қарастырылды»,-деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев.