Екі жүз ауылдық пошта бөлімшесі тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетуде
Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап «Қазпошта» АҚ Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы қосымша 100 ауылдық пошта байланысы бөлімшелерінде мемлекеттік қызметтер көрсете бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың мамыр айынан бастап Мемлекеттік қызметтер комитеті мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қолдауымен Алматы, Жетісу, Павлодар, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарының ауылдық пошта бөлімшелері арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету жобасы іске қосылған еді. Енді мемлекеттік қызметтерді алуға болатын бөлімшелердің тізімі екі жүзге дейін кеңейтілді.
Ауылдық пошта бөлімшелері арқылы сұранысқа ие қызметтердің 20-дан астам түрін алуға болады. Мысалы, сотталмағандығы туралы анықтама, жәрдемақылар мен төлемдерді ресімдеу, мұрағаттық анықтамалар, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмекші құралдарды ресімдеу және т. б.
Жобаны іске қосу кезеңінде ұйымдастырушылық-дайындық жұмыстары және интеграциялық процестер жүргізілді. Ауылдық пошта байланысы бөлімшелерінің операторлары ХҚКО ақпараттық жүйесімен жұмыс және мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі бойынша оқытудан өтті.
Осылайша, аталған жоба – ауыл тұрғындарының жолға кететін уақыты мен ақшасын үнемдеп қана қоймай, ауылдық бөлімшелер жұмысын ынталандыруға әрі олардың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.