«Астана Опера» ұжымы «Kieli Tabigat» шарасына қатысты
«Астана Опера» театрының ұжымы 16 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар қоғамдық бірлестіктерімен бірге қолға алған «Kieli Tabigat» республикалық акциясына қуана қолдау білдіріп, азаматтық белсенділік танытты.
Айта кетейік, экологиялық акцияның мақсаты сакралды аймақтарды тазалау, қалпына келтіру, сақтау және экологиялық мәдениетті арттыру болып табылады. Акция Қазақстанның әрбір аймағында Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен өткізілді. Бұл күні «Астана Опера» әртістері елорда маңындағы Бозоқ ортағасырлық қалашығына барып, басқа да қоғам өкілдерімен бірге экологиялық акцияға қатысты.
«Дана халқымызда «Табиғат ана», «Жер ана» деген ұғымдар бар. Бұл сөздерге ана деген тіркес бекерден қосылмаған, бұл табиғатты көздің қарашығындай сақтау керек дегенді білдіреді. Сондықтан отбасында бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана ұл-қызына табиғатты аялау керектігін жастайынан үйретуі тиіс. Бүгін біз, «Астана Опера» әртістері, осынау тамаша бастаманы қолдап, киелі орынға жиналдық. Еліміздің түпкір-түпкірінде өтіп жатқан бұл шара әрбір қазақстандықтың жүрегіне табиғат анаға деген ізгілік нұрын себуіне тілектеспін», – деді «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш.
«Еліміздің киелі жерлерін сақтау, ескерткіштерге ұқыпты қарау – әрбіреуіміздің қастерлі борышымыз деп білемін. Сондықтан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің азаматтық қоғам өкілдерімен бірге бастаған осынау экологиялық акциясын қуана қолдаймын. Мұндай акциялар аға буын мен жастарды, өскелең ұрпақты біріктіреді, табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырады, мәдениеттілікке тәрбиелейді. Сол себепті бұл акцияға үлкендер қауымы да, мектеп оқушылары да бір кісідей атсалысуы керек деп санаймын», – деп пікірімен бөлісті театрдың опера труппасының солисі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Азат Мәлік.
«Бүгін біз «Kieli Tabigat» республикалық акциясына әдейілеп қатысып отырмыз. Менің ойымша, бұл шараның маңыздылығы өте зор, себебі қазіргі таңда экология мәселесі өте өзекті саналады. Күн сайын қоршаған ортаға тасталатын тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар табиғатқа орны толмастай зиян келтіруде. Адамның қаншалықты мәдениетті екенін оның табиғат аясындағы демалысынан-ақ байқауға болады. Қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертетін, оны күтіп ұстауға шақыратын осындай акциялар жиі-жиі өткізілуі керек деп ойлаймын», – деп пікірін қосты театр солисі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Назым Сағынтай.
Бұл күні «Астана Опера» театрының ұжымы жалпы қалалық сенбілікке қатысып, көшелерді қоқыстан тазартқанын атап өткіміз келеді.