Тағы бір әлемдік компания Қазақстанда өңірлік хаб құруда
Әлемдік компания Қазақстандағы өзінің өңірлік кеңсесін күшейтуде, бірақ бұл жолы ол геосаяси жағдайлармен байланысты емес. Бұл Компанияның Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі өңірлік хабын Түркиядан осы елдерге ауыстыру жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясының нәтижесі. Бұдан бұрын Coca-Cola компаниясының Орталық Азия және Кавказ өңірі бойынша Бас директоры Ыстамбұлда тұрған. 2023 жылдың қазан айынан бастап бұл лауазымға Қазақстанда тұратын Башак Караджа ханым тағайындалды. Ол Бану Каракуллукчу ханымның орнына келді. Компания үшін стратегиялық маңызды аймақта бас директор лауазымына қатарынан үшінші рет әйел тағайындалатынын атап өту қажет.
Башак Караджа өз жұмысын 2 қазанда бастайды және Орталық Азия мен Кавказ аймағында Coca-Cola франчайзингтік операцияларын дамыту жөніндегі жұмысты басқарады. АҚШ компаниясының ҚР-дағы кеңсесі үнемі кеңейітілуде және соңғы бес жылда 7-ден 30-ға жуық адамға дейін өсті, бұл ретте соңғы екі-үш жыл ішінде кейбір өңірлік позициялар Ыстамбұлдан Қазақстанға көшірілді.
Өңірдің жаңа бас директорының іскерлік әкімшілендіру, халықаралық қатынастар, маркетинг, брендинг, стратегия және инновация саласында тәжірибесі мол.
Башак Караджа Босфор университетінде (Стамбул қ.) іскерлік әкімшілендіру мен саясаттану және халықаралық қатынастар деген екі мамандық бойынша білім алды. Сонымен қатар ол INSEAD көшбасшылық бағдарламасы бойынша оқыды. Оқуды бітіргеннен кейін ол Швейцариядағы Procter & Gamble компаниясының маркетинг бөлімінде жұмыс істей бастады, ал кейін брендтің АҚШ-тағы штаб-пәтерінде жұмыс жасады. 13 жылдан кейін ол Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка өңірінің маркетинг жөніндегі директоры ретінде Ülker (Yildiz Holding) компаниясының ұсынысын қабылдап, Түркияға маркетинг бойынша бас директор болып оралды. Екі жылдан кейін ол Yildiz Холдингінің еншілес компаниясы болып табылатын және United Biscuits, Ülker, Godiva Chocolatier және DeMet’s Candy Company компанияларын біріктіретін Британдық Pladis Global компаниясының Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Түркия және Орталық Азия өңірінің маркетинг бөлімін басқарды. Сонымен қатар Башак Караджа Yildiz Holding директорлар кеңесінің мүшесі болды.
Ірі компанияларда жұмыс істеп, үлкен тәжірибеге ие болған Караджа ханым 2017 жылы көптеген компанияларға брендинг, стратегия, бизнесті дамыту, жаңа нарықтарға шығу және тиімділікті арттыру мәселелерінде көмектесетін өзінің консалтингтік компаниясын ашты.
2018 жылдың соңында ол Coca-Cola Компаниясына Түркиядағы франчайзингтік операциялардың бас директоры лауазымына шақырылды.
Башак ханым Түркиядағы Американдық Сауда Палатасының, Түркиядағы жаһандық кәсіпкерлер желісінің (GEN Türkiye) және соңғы уақытқа дейін «Галатасарай» түрік кәсіби футбол клубының Директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады.