Азиада кезінде үздіксіз қолдау көрсетілетін болады
ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабымен кездесті. Министр жарыс алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарының қорытындысымен танысып, спортшылардың жалпы дайындығы туралы сұрап-білді.
Құрама жаттықтырушылары спортшылар жарақаттан аман, физикалық дайындықтары мығым және тек жоғары сынамалы жүлде алуға ниетті екендіктерін айтты. Сондай-ақ Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасы үшін алғыс айтты.
Еске салсақ, республикалық олимпиадалық даярлық базасы ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналады. Мұнда халықаралық стандарттарға сәйкес, спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командалар дайындалады.
«Алдағы басты дода — Азия ойындары өте маңызды жарыс. Жақсы нәтиже көрсетіп, ел үмітін, жанкүйерлердің сенімін ақтау қажет. Сондай-ақ құрлық біріншілігінде спорттың 8 түрінен Олимпиада лицензиялары сарапқа салынды. Сіздер ауқымды жұмыс жасадыңыздар. Енді жүлде алып, төгілген тер мен үлкен еңбектің жемісін көруге тілектеспін. Осы жарысқа дайындалу үшін министрлік тарапынан барлық жағдай жасалды. Азиада барысында да тәулігіне 24 сағат қолдау көрсететін боламыз. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда шұғыл әрекет ету үшін арнайы штаб жұмыс істейтін болады»,— деді Ермек Маржықпаев.