Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Өзбекстан Республикасының елшісімен кездесті
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті. Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастық пен спорт саласындағы кооперация мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Ермек Маржықпаев екі ел арасындағы құрлықтық өткізу пункттерінде чартерлік туристік автобустардың кедергісіз өтуі үшін ерекше жағдайлар жасау мәселесін талқылауды ұсынды. Министр бұл қадам Қазақстан мен Өзбекстандағы Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орталықтарды біріктіретін «Табаррук Зиерат» жобасын іске асыруға көмектесетінін атап өтті.
«Трансшекаралық жобалардың іске қосылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік ағымның өсуіне оң әсер ететініне, сондай – ақ ежелгі қалалар мен ескерткіштерді ғана емес, ең бастысы – түркі мемлекеттерінің ортақ тарихын біріктіретін бірегей туристік өнімге айналатынына сенімдімін», — деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
ҚР Туризм және спорт министрі сондай-ақ Орталық Азияның бірыңғай брендін, оның ішінде халықаралық туристік көрмелерге қатысу арқылы бірлесіп ілгерілету жөніндегі жұмысты жалғастыруды ұсынды.
Саидикрам Ниязходжаев өз кезегінде Өзбекстанның Қазақстанмен бірлескен туристік жобаларды іске қосуға мүдделі екенін атап өтті. Мысалы, бұл ретте бірлескен турпакеттерді әзірлеуді айтуға болады. Сондай-ақ, Елші туристердің екіжақты ағынын арттыру мақсатында екі ел арасында туристік автобустардың қозғалысын жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Сонымен қатар, тараптар ұлттық спорт түрлерін дамытудағы ынтымақтастықты нығайтуды талқылады. Ермек Маржықпаев Өзбек делегациясын Қазақстан келесі жылы қабылдайтын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.
Кездесу соңында тараптар бір-біріне екі ел спортшыларының Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарында сәтті өнер көрсетулерін тіледі. Елші Азиадада тек Өзбекстан құрамасы үшін ғана емес, Қазақстан құрамасы үшін де жанкүйер болып отырғанын айтты.