Жасанды интеллект қазақ тілін меңгере бастады
Awara IT халықаралық IT- консалтинг компаниясы жасанды интеллект негізінде қазақ тілін үйренген чат-боты бар қосымшаның бета-нұсқасын іске қосты. Жобаның идеясынан іске асырылуына дейін 2 апта уақыт кеткен. Қазіргі уақытта қазақ тілінде сөйлейтін «ақылды» чат-боты бар қосымша корпоративті сектор үшін қолжетімді.
Стенфорд университеті жариялаған The AI Index Report 2023 есебіне сәйкес, 2022 жылы жасанды интеллект енгізген ұйымдардың үлесі, 2017 жылмен салыстырғанда, екі есе ұлғайып, 50-60% деңгейіне тұрақтаған. Бұл компаниялардың атап өтуінше, ЖИ пайдаланудың арқасында олардың шығындары айтарлықтай қысқарып, табыстары еселенген. ЖИ ең жиі қолданылатын бағыттар – процестерді автоматтандыру, компьютерлік көру және мәтіндерді талдау. Бұдан бөлек, ЖИ кеңінен пайдаланылатын бағыттар қатарына генеративтік модельдер, оның ішінде Chat GPТ чат-боты, мәтін түріндегі командалар арқылы сурет (DALL-E 2, Stable Diffusion) және видео (Make-A-Video) жасау модельдерін де жатқызуға болады.
Қазақстан әлемдік инновациялар трендіне сәйкес, жасанды интеллект саласындағы өзгерістерді қалт жібермеуге тырысады. Алайда жоғары технологиялық шешімдерді бизнес-ортаға енгізуде мәдени ерекшеліктер мен тілді де ескерген маңызды. Қазақстан Республикасындағы 2023-2029 ж.ж. арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, ел халқының 92% мемлекеттік тілді меңгерген. Сондықтан қазақ тілін түсінетін «ақылды» чат-боты бар қосымшаның қолға алынуы стратегиялық қадам саналады.
— Маман тіл білмесе, жасанды интеллектпен байланысты инновациялық технологияларды пайдалана алмайды. Қазақ тілін түсінетін чат-боты бар қосымшаның енгізілуі коммуникациялар мен ақпарат алмасу саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ол ЖИ технологиялар негізінде жасалған, демек қолдану барысында үнемі дамып, жетіліп отырады, — дейді Михаил Нам, Awara IT Qazaqstan компаниясының бас директоры.
Қазақ тілін білетін «ақылды» чат-боты бар қосымша Prompt Wagon деп аталған. Инновациялық өнімді жасаумен Awara IT халықаралық компаниясының әзірлеушілері айналысты.
— Бұл өнім идеясынан жүзеге асырылуына дейін небәрі 2 аптада, Microsoft Global AI Hackathon аясында жасалып шықты. Мұндай аз уақытта әзірленуі, жалпы алғанда, заманауи low—code платформаның зор мүмкіндіктерін көрсетеді. Бұл шешім жаңадан бастаушыларға да, әкімшілерге де бағытталған функциялар мен ЖИ-технологияларының кедергісіз интеграциясына ұмтылған компаниялар үшін қолайлы. Бизнес-сектор өкілдері Prompt Wagon қосымшасын қолданса, қазіргі уақытта пайдаланушыларды оқыту және бейімдеуде және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінде қиындыққа тап болған корпорацияларда GPT-4 технологияларын бейімдеуге кететін уақытты қысқартады, — деп түйіндеді Александр Ермаков, Awara IT компаниясының басқарушы серіктесі.
Айта кетсек, 10 қазан күні Awara IT «ақылды» чат-боты бар Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасын іске қосты. Қосымшаны қолдану үшін компанияға Microsoft Open AI Azure Service қолжетімді болуы керек, ол арқылы GPT-4 қолдануға рұқсат алып, орнату үшін бірнеше амалды орындау қажет. Сондай-ақ, арнайы promptwagon.com сайтын да пайдалануға болады.