Су ресурстары және ирригация Министрі азаматтарды қабылдады
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі азаматтарды қабылдады. Қоғамдық қабылдауда саланың өзекті мәселелері көтеріліп, түрлі ұсыныстар айтылды.
Ақмола облысы Целиноград ауданы ауылдарының тұрғындары «Алуа» лиманды жүйесінің мүшкіл жағдайына қатысты өтініш білдірді. Айтуларынша, мұнда ұзақ уақыт бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осыған байланысты жергілікті малшылар мен фермерлер шаруашылыққа қажетті су мөлшерін ала алмай отыр.
Бұл мәселені бөгет салу арқылы шешуге болады. Министр жобаның жол картасы дайын екенін айтты. Бірақ жобалық-сметалық құжаттаманы жасауға және түрлі сараптамалардан өткізу үшін уақыт керек. Егер бәрі жоспарға сәйкес өтсе, келесі жылдың соңында нысанның құрылысын бастауға болады.
Сонымен қатар, Целиноград ауданының тұрғындары Ескі Сарқырама өзенінен суды айдау фактілері туралы мәлімдеді. Нұржан Нұржігітов министрлік ел аумағында бассейндік инспекциялар штатын арттыруды және олардың материалдық-техникалық базасын жақсартып, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл суды пайдалануды бақылауды күшейтуге және мүмкіндігінше көп су қоймаларын қамтуға көмектеседі. Сондай-ақ, Ескі Сарқырама өзенінде су пайдалану деңгейін анықтау үшін сараптама жүргізіледі.
Азаматтарды қабылдауда Нұра өзенін тазарту және Каспий теңізінің деңгейін сақтау бойынша ұсыныстар айтылды. Министр Каспийді құтқару мәселесі өте маңызды, сондықтан оны ғалымдармен, сарапшылармен және шетелдік әріптестермен бірлесіп қарастыратын атап өтті.
«Бұл халықпен алғашқы, бірақ соңғы кездесу емес. Қоғамдық қабылдау жиі, онлайн және офлайн форматтарда өтетін болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта өңірлерге жұмыс сапары жоспарланып отыр», — деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.