Азия ойындарының қорытындысы бойынша федерациялардың есебін тыңдау жалғасып келеді
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарының қорытындысы бойынша федерациялардың есебін тыңдауды жалғастырады.
Бұл жолы ескек есу, жеңіл атлетика және садақ ату федерацияларының басшылығы өз баяндамаларын ұсынды. Спорт функционерлері құраманың Азия ойындарындағы өнеріне тоқталып, қалыптасқан жағдай туралы баяндады.
Ханчжоудағы Азия ойындарында академиялық ескек есу бойынша Қазақстан құрамасы жүлдегерлер қатарынан көріне алмаса да, байдарка мен каноэде ескек есу бойынша 1 алтын, 4 күміс және 3 қола жүлдеге қол жеткізді.
Туризм және спорт министрі академиялық ескек есу бойынша ұлттық құраманың Азиададағы нәтижесіне көңілі томайтынын жеткізді. Өйткені Азия ойындарының қарсаңында ескек есушілерге зор сенім артылып, ел қоржынына алтын жүлде салады деп күтілген еді. Сондай-ақ министр спортшылардың функционалдық және дене даярлығы әлсіз екенін айтып, құраманың ішкі тәртібін сақтамағандарға ескерту жасады.
Екінші болып жеңіл атлетика федерациясының өкілдері баяндама жасады. Биылғы Азия ойындарында жеңіл атлеттер төрт қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 16-орынға тұрақтады. Осыдан 4 жыл бұрын Жакартада өткен сары құрлық додасында жерлестеріміз 8-орыннан көрінген еді.
«Париждегі төрт жылдықтың басты додасына небәрі 8 ай қалды. Қазіргі таңда бізге нақты жоспар мен ынтымақтастықта жұмыс істеу қажет. Федерацияларға ұлттық құраманың резервін қалыптастыру жөнінде жұмысты күшейтуді тапсырамын. Бас жаттықтырушылармен бірлесіп Париж Олимпиадасына дейін команда көшбасшыларын жеке даярлаудың жоспарын дайындау керек», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Жеңіл атлеттерден кейін садақ ату өкілдері есеп берді. Федерация басшылығы өздеріне алған жоғары міндеттемелеріне қарамастан, мергендеріміз бірде-бір бағдарлама бойынша жүлделі орындардан көріне алған жоқ.
Жиын қорытындысында министр садақ ату федерациясының Азиядадағы өнеріне қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Ескек есу және садақ ату спорты бойынша Азиадада жүлделі орындарға ие болу жоспары орындалған жоқ. Ал жеңіл атлеттердің нәтижелерін әлі де жақстарту қажет. Ермек Маржықпаев өткен жарыстардың нәтижелеріне терең талдау жүргізуді және спортшыларды алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындау үшін жетекші мамандарды тарту мәселесін пысықтауды тапсырды.