ASTANA OPERA опера академиясы жаңа курсты жинақтады
ASTANA OPERA халықаралық опера академиясы жаңа маусымға тыңдаушыларды іріктеуді аяқтады. Он дарынды жас солистті үздік отандық және әлемдік коучтердің мазмұнды шеберлік сабақтары күтуде. Бұл олардың опера айту шеберліктерін шыңдап, үлкен сахнадағы жұмысқа дайындалуға көмектеседі.
– ASTANA OPERA опера академиясы – еліміздің мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосатын өзіндік бірегей жоба. Ол дарынды жас әртістерге өздерінің орындаушылық өнерлері мен актерлік шеберліктерін жетілдіруге, негізгі опера тілдерін меңгеруге мүмкіндік береді. Үздік ұстаздардың сабақтарына қатысумен қатар, академия тыңдаушылары еліміздің бас театрының сахналарында «Астана Операның» жетекші солистерінен тәжірибе жинақтай алады. Бірінші шығарылымның қорытындысы бойынша театрымыздың дамуында маңызды орын алатын жастар бағдарламасы табысты жүзеге асты деп айтуға болады, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Айта кету керек, оқуларын тамамдағаннан кейін академия түлектері – Гүлдана Алдадосова, Дінмұхамед Көшкінбаев, Валерий Селиванов, Талғат Аллабиринов, Әлихан Зейнолла, Азат Мәлік, Ұлпан Әубәкірова, Айгерім Аманжолова «Астана Опера» опера труппасына солист ретінде қабылданды. Ержан Саипов, Шыңғыс Расылхан, Саян Исин, Назым Сағынтай елордалық театрда солист қызметін жалғастырды. Расул Жармағамбетов, Ораз Мұхамедьяр, Жандарбек Еркінбаев Алматыдағы Абай атындағы МАОБТ-ның, ал Эльмира Шпекпаева Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның солистері атанды.
Халықаралық опера академиясының жаңа курсына тыңдаушыларды іріктеу өте мұқият жүргізілді, бір орын үшін 7 адам бақ сынасты. Бірінші турға қатысу үшін жоғары және орта арнаулы музыкалық білімі бар 18-35 жастағы үміткерлерден 68 өтінім түсті, оның ішінде алыс-жақын шетелдерден вокалистер де бар. Онлайн форматында өткен бірінші турдың шарты бойынша үміткерлер сан алуан опералық репертуарларынан өздері өнер көрсеткен бейнежазбаларды жіберулері тиіс болатын. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында рояльдің сүйемелдеуімен өткен екінші кезеңге 22 үміткер өтті. Үшінші кезең – оркестрмен өнер көрсетудің қорытындысы бойынша он вокалист іріктеп алынды.
Қатал қазылар алқасын тәнті еткен бақытты жандардың қатарына қазақстандық солистер Ләйлә Аламанова, Нұрсұлтан Әнуарбек, Сұлтан Бақытжан, Бекұлан Ерболатұлы, Нематилло Зкруллаев, Мерей Қадырханов, Фируза Рахметова, сондай-ақ Хорватиядан Юрица Юрасич Капун, Ресейден Анастасия Ремескова және Италиядан Шохрух Юнусов енді.
Байқау қатысушыларының кәсіби дайындығының деңгейіне қазылар алқасының өкілі – Әлішер Науаи атындағы мемлекетттік академиялық Үлкен театрдың директоры, Өзбекстанның Халық әртісі Рамиз Усманов баға берді.
– Олардың кейбіреуінің өнер көрсетуін мен бірнеше жыл бұрын басқа байқауларда көрген болатынмын, сондықтан осы уақыт ішінде вокалистердің шеберлігі айтарлықтай өсті деп айта аламын. Бұл көңілге қуаныш ұялатады және ASTANA OPERA академиясының арқасында олардың кәсіби тұрғыда бұдан да жоғарылай түсетініне сенім мол, – деді Рамиз Усманов. – Жастар бағдарламалары көптеген театрларда бар, тәжірибесі жеткіліксіз вокалистер сол жерде әлеуеттерін ашады. Осындай білім алаңының Қазақстанда да бары керемет. Академия тыңдаушыларымен жұмыс істейтін тамаша ұстаздар оларға шеберліктерін шыңдауға, әлемдік ірі сахналардың деңгейіне жетуге көмектеседі.
Қазылар алқасының құрамына шақырылған Әзербайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының орынбасары, Әзербайжанның еңбек сіңірген әртісі Сабина Асадова да осындай пікірде.
– ASTANA OPERA халықаралық опера академиясы – керемет жастар жобасы, опера әншілерін жетілдіруге және дамытуға арналған үлкен мектеп, – деп атап өтті Сабина Асадова. – Опера академиясы тыңдаушыларының орнына үміткер болған вокалистердің арасында жастар да, ересектер де болды, олардың сахнадағы тәжірибелері әртүрлі. Дегенмен опера орындаушысының кәсібі үнемі жетілу мен дайындықты қамтиды.
Сондай-ақ танымал опера әншісі академияға іріктеуден өте алмаған қатысушыларға мойымауға кеңес берді. Мұны вокалистерді әрі қарай дайындалуға ынталандыратын тәжірибе ретінде қабылдау керектігін айтты.
Еске сала кетейік, ASTANA OPERA халықаралық опера академиясының алғашқы шығарылымы осы өткен жазда болды. Жобаға қатысқан кезде жас вокалистер өздерінің кәсіби деңгейлерін айтарлықтай арттырып қана қойған жоқ, сонымен қатар халықаралық және ұлттық байқаулардың лауреаттары атанып, еліміз бен шетелдің ірі театр алаңдарында өнер көрсетті.