Қонаев қаласының әкімдігі елді мекендер шекарасының өзгеруіне байланысты мәлімдеме жасады
Қонаев қаласының әкімдігі елді мекендер шекарасының өзгеруіне байланысты мәлімдеме жасады. Шаһар басшысы Нұрлан Құматаевтың айтуынша, Заречный ауылдық округінің (Заречный, Арна ауылдары) 9757 гектар жері «G4 city» жобасының құрамына енуіне байланысты тұрғындар негізсіз қауіптеніп отыр. Ол аталған өзгерістің халықтың тұрмыс-тіршілігіне еш әсер етпейтінін атап өтті. Себебі, тұрғындар қазіргі әлеуметтік және әкімшілік орталықта қызмет алатын болады.
«Мұндай өзгерістер «G4 city» жобасының жүзеге асуы үшін жасалып отыр. Біз ауылдық округ тұрғындарына әлеуметтік және әкімшілік қызметтер көрсетуді ары қарай жалғастыра береміз. Оның үстіне, қазіргі таңда көптеген мемлекеттік қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы алуға болады. Балаларды балабақшаға кезекке қою, мектепке оқуға беру – барлығы да электронды формада реттеледі. Ауыл халқының тыныс-тіршілігі үнемі назарда», — деді Нұрлан Құматаев.
Бұдан бөлек, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Айман Ракишева алдағы уақытта елді мекен жұрты Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі медициналық мекемеде ем қабылдайды деген пікірді теріске шығарды.
«Заречный ауылдық округінің тұрғындары біздің ауруханада емделеді. Сондай-ақ ауылда дәрігерлік амбулатория бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Бізге жүгінген әр науқасқа толыққанды медициналық көмек көрсетіледі», — деді аурухана басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, 31 қазан күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХІІІ сессиясы өтті. Жиында Қонаев қаласы мен Алматы облысындағы ауылдық округтердің шекарасын өзгерту туралы мәселе қаралды.