Студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтті
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің 1-курс білімгерлерін «Студенттер қатарына қабылдау» салтанатты кеші «Бақшасарай» салтанат үйінде аталып өтті. Кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми зерттеу институт басшылары мен белгілі ғалымдар, жұмыс берушілер, кәсіпкерлер, қаржыгерлер арнайы шақырылды.
Салтанатты шараға сондай-ақ, ата-аналар мен оқытушы-профессорлар қауымы, магистранттар, жас ғалымдар мен түлектер қатысты.
Дәстүрлі мереке бүкіләлемдік «Студенттер гимнін» (Гаудеамус) үш тілде студенттермен қосыла оқытушылардың орындауымен басталды.
Университет табалдырығын жаңа аттаған жастар Алтын белгі иегерлері, халықаралық, республикалық, қалалық олимпиадалардың, байқаулардың жеңімпаздары, ғылыми грант, патент иегерлері, джиу-джитсу, күрес, бокстан, Азия, республика чемпиондары, үздік жас ғалымдар мен ғылыми жобалардың авторлары арнайы шерумен жүріп өтті.
Салтанатты шараны алғашқы құттықтау сөзімен акционерлер атынан экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Инженерлік академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының академигі Жұмағұлов Руслан Бақытжанұлы ашты.
Руслан Бақытжанұлы өз сөзінде, «Өткен оқу жылында университет Халықаралық сатусқа ие болып, білім беру бағдарламалары нарықта сұранысқа ие болып, МИТУ «Бакалавриат-Магистратура-Докторантура» бойынша жаңа бағдарламалармен толықты. Докторантура білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден жемісті өтті. Сонымен қатар, университетте халықаралық байланыс артып, алыс және жақын шетел жоғары оқу орындарымен байланыс күшейіп, халықаралық дәрежедегі ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, инновациялық технологияларды, жаңа өнімдерді зерттеуге және құруға арналған ақпараттық-коммуникациялық құралдармен, заманауи жабдықтармен қамтылғанын атап, университет ректоры бастаған ұжымға алғысын білдіріп, алдағы дамуына табыс тіледі.
Өз кезегінде сөз алған Халықаралық инженерлік-технологиялық университет ректоры Гүлнәр Әлібекқызы Сәрсенбекова, Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің құрылтайшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Валентина Ивановна Жұмағұлова жолдаған құттықтаумен таныстырып, білікті де бәсекеге қабілетті маман болып шығу тілегін жеткізді.
Қазақстандағы техника және технология саласының үздік университеттерінің бірі – Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті студенті қатарына қабылданып отырған білім алушыларға білікті де бәсекеге қабілетті маман болып шығуларына сәттілік тіледі.
Ректор өз сөзінде, «Әлемдік ойдың алыбы Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!», деп, дәл бүгінгі күнге айтқандай. Сіздер өмірдің әдемі де жауапты кезеңіне аяқ бастыңыздар! Осы қадамдарыңыз үлкен жолға бастап «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым», атты бес асыл іс серіктеріңізге айналсын! Білім мен ғылым мұхитына жаңа толқын келді. Сіздермен бірге жететін жетістіктеріміз де жаңа, әрі биік болып, тарихымыздың жарқын беттері жазылатынына сенемін! » — деп, ақ тілегін білдірді.
Осы тұста университет басшысы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің үздік студенттерін алғыс хатпен марапаттап, білім кілті мен студенттік билет ұсынды.
«Студенттер қатарына қабылдау» кеші ерекше өтіп, шара студенттер мен оқытушылар бірлесе дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сахнада танымал жас орындаушы Asik, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Нұрболат Абдуллин, DG Slyash MC Nico тобы және басқа да эстрада жұлдыздарымен қатар университет оқытушысы Mr.Richard Banji әннен шашу шашты.
Университеттің 100 студенті билеген Студенттік алғашқы вальс көрерменді ыстық ықыласқа бөледі.
Студенттердің университет ректорымен және қызметкерлерімен, оқытушыларымен бірге «Менің досым» әнін орындауынан ұжымдық, достық, әріптестік қарым-қатынастың шынайы тамаша бейнесін көрдік.
Жанға жағымды әуен сарынында жастар көңілдері жайланып, жайбарақат сарайдың сұлулығын тамашалап, естелікке суретке түсті.