Ақтөбеде алғаш рет «Қыз Жібек» операсы сахналанды
Ақтөбеде Өнер орталығының сахнасында «Қыз Жібек» операсының 90 жылдығы және Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы 80 жылдығына «Қыз Жібек» операсының премьерасы өтті.
«Қыз Жібек» операсы алғаш рет 1934 жылы жарыққа шықты. Опера республикалық театр сахналарында көрермен назарына ұсынылғанымен, Ақтөбе облысының тарихында тұңғыш рет сахналанып отыр.
Қазақ КСР халық әртісі Евгений Брусиловскийдің туындысы, жазушы Ғабит Мүсіреповтің либреттосын Өнер орталығындағы төрт ұжым — Ахмет Жұбанов атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Қазақ камералық хоры, Классикалық музыка ансамблі, Аққу би ансамблі қойды.
Операның қоюшы режиссері — Сырым Мұхамед-Хафиз болса, қоюшы дирижері — «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мадина Қабижанова.
Қыз Жібек рөлін Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Гауһар Саламас, Төлеген рөлін Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айбек Қарағұлов, Бекежан рөлін Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ибраһим Амин сомдады.
Қазақ халқының «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ғасырдан ғасырға жеткен ұлтымыздың асыл мұрасы. Бұл өнер туындысына Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты арқау болған. Оқиғалар негізінен жағалбайлы руынан шыққан батыр Төлеген, шекті руының сұлуы Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады.
1,5 сағат жанды дауыста орындалған опера көпшіліктің көңілінен шықты. Көзі қарақты көрермен шығармашылық топтың жұмысына жоғары бағасын берді.
Премьера соңында сахнаға облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан әртістерге ықылас гүлі қойылды.