Отандық авторларды қалай көпшілікке танытуға болады?
Селина Тайсенгирова, EZ Solutions
Дарыны, әлеуеті мол болса да, қазақстандық ақын-жазушылар өзіне лайықты танымалдылыққа ие бола бермейді. Әдеби байқаулар халыққа танылмаған жаңа есімдерді елге таныстырудың ең түсінікті әрі тиімді жолы болғанымен, Қазақстанда әдеби сыйлықтардың саны онша көп емес. Отандық Qalamdas әдеби байқауында жеңіске жеткендердің мысалы – соның дәлелі. Қазір олар жаңа кітаптарын басып шығаруға дайындап жатыр, баспалармен байланысқа шығып отыр, және ең бастысы – жазушылық – олардың хоббиі емес, кәсібі екендігіне көз жеткізіп отыр. Жақын арада Qalamdas жаңа маусымындағы жеңімпаздардың есімдерін жариялайды, ал осы оқиғаның алдында бірінші маусымның финалистері жеңістен кейін шығармашылық өмірі қалай өзгергенін айтып берді.
Қазіргі қазақстандық жазушылар мен ақындар туралы естігеніңіз бар ма? Ең болмағанда бірнешеудің аты-жөнін атай аласыз ба? Әдеби ортаның адамы болмасаңыз, атай алмауыңыз мүмкін. Алайда елімізде дарынды авторлар көп, тіпті сіз оларды білмесеңіз де, олар өз оқырманын тапқысы келеді. Неліктен қалың оқырман қауым отандық жазушылар туралы бейхабар? Бұл ауқымды мәселе болуы мүмкін, бірақ қарапайым сұрақтан бастай берейік: қазақстандық авторларды көпшілікке таныту үшін, олар өз аудиториясын табуы үшін өзіміз не істей аламыз? «Өзіміз» дегенде мен мемлекеттік қолдауды ғана емес, сонымен қатар әдебиеттің болашағына бейжай қарамайтын адамдардың, қоғам қайраткерлерінің, медиа өкілдерінің, ірі және шағын бизнестің жеке бастамаларын меңзеп тұрмын.
Қазіргі таңда жазуды жаңадан бастап жүрген, өзін көпшілікке танытқысы келетін авторларды қолдаудың жарқын үлгілері елімізде бар. Бұл жазушылық шеберлікке үйрететін Алматылық ашық әдебиет мектебі; Almaty Writing Residency – Алматыдағы АҚШ Бас Консулдығы мен Шеврон корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылған Қазақстандағы бірінші халықаралық жазушылар резиденциясы; өз беттерінде танымал жазушылардың шығармаларын ғана емес, сондай-ақ бастаушы авторлардың сапалы тырнақалды туындыларын (тіпті ересектерден еш кем емес балалардың шығармаларын) жариялап жүрген отандық «Дактиль» әдеби журналы және қазақстандық Qalamdas әдеби сыйлығы.
Айтпақшы, «Дактиль» журналы мен ААӘМ ұйымдастырған Qalamdas әдеби сыйлығы биыл халықаралық EZ Solutions event-агенттігі мен еліміздегі әдеби журналдардың ақсақалы «Простордың» қолдауымен екінші маусымын өткізіп жатыр. Бірнеше бастамашыл адам ойлап тапқан жоба нәтижелі болып шыға алады, бұл – соның дәлелі. Мәселен, оның нәтижелілігі мынада: жұмыстарды бағалау жүйесінің объективті әрі анық болуы әдеби сыйлықтың ұзын, қысқа тізіміне, сондай-ақ жеңімпаздар санатына жаңа есімдердің енуіне алып келді. Бұл өздерін жазушы санамайтын, жазушылықпен тұрақты түрде айналысуға болатынына сенбейтін, халыққа танылмаған авторлардың есімдері. Байқаудағы жеңістің арқасында олар әдеби қауымдастыққа танылып қана қоймай, шығармашылық жоспарларын құруға, кітаптарын басып шығаруға, және ең бастысы – бұл кітаптарды ірі кітап дүкендері мен маркетплейстерге, яғни мақаланың басында айтылған оқырман аудиториясына жеткізуге деген мотивациясын алды.
Қазіргі уақытта Qalamdas әдеби сыйлығының екінші маусымы қарқынды түрде өтіп жатыр. Желтоқсан айында ұзын тізімі жарияланып, жақын арада қысқа тізімі жария етіледі, ал наурыздың ортасында өтетін марапаттау рәсімінде жеңімпаздардың есімдері белгілі болады. Сондықтан жаңа финалистер тізімін жарияланғанын күтіп, бірінші маусымда жеңіске жеткендердің шығармашылық өмірі қалай өзгергенін, олар байқауға неліктен қатысқанын, авторлар үшін әдеби сыйлықтардың маңыздылығы неде екенін біліп алсақ, бұл өте қызықты болуы мүмкін.
Прозашы, хоррор мен фэнтези жанрындағы шығармалардың авторы Ануар Қошқарбаевқа байқауға қатысу өзінің талантына сенуге мүмкіндік берді. Ануар өз-өзіне сенімсіздігін қалай жеңіп алғанын, өз шығармашылығының қадірін білуді қалай үйренгенін айтып берді.
Ануар Қошқарбаев, Qalamdas әдеби сыйлығының қазақ тіліндегі «Проза» номинациясының жеңімпазы
– Әдеби байқауларға қатысу – бұл бастаушы авторлар үшін ғана емес, барлық жазушылар үшін тамаша мүмкіндік. Меніңше, өзіңнің әріптестеріңмен сайысқа, бәсекеге түссең, жақсы жазушылар көп екендігін, олардың әрқайсысы өздерін бірінші орынға лайықты деп санайтынын білесің. Мұның барлығы сенің шығармашылығыңа оң әсер етеді.
Бұрын, Qalamdas әдеби байқауына қатысқанға дейін, өз шығармаларымды біреуге көрсетуге, өзімді жазушы деп атауға ұялатынмын. Жазушылығым туралы білетін жақын адамдарым да, «мұның барлығы еріккендіктен, ол өтеді де кетеді», деді. Байқауға өтінім жіберген кезде жеңіске жетпесем де, шығармаларымды кәсіпқойлар оқиды деп ойладым, сондықтан қатысамын деп шештім. Мен сияқты үйде отырып, жылдар бойы өзің үшін жазатын болсаң, әрі қарай қай бағытта жүру керектігін, халыққа танылу үшін не істеу керек екенін түсінбейсің.
Бұл байқауда жеңіске жеткен соң талантымды қадірлей бастадым. Жазушылығыма деген сенімділік артқан сәтте айналамдағы адамдар бойымдағы жаңа энергияны сезіп, мені байқай бастады. Көптеген адамдармен таныстым. Байқаудан кейінгі бір жылдың ішінде төрт кітап жазып шықтым. Жақын арада қазақ тіліндегі «Қызыл көктем» атты хоррор жарыққа шығады. «Хан сыры» деп аталатын фэнтези кітап дүкендерінде сатылып жатыр. Қазір мен «Убийца улиток» атты детективті және «Қарғаулы» атты фэнтезиді орыс тілінде жазып жатырмын.
Жазушы Александр Селин Qalamdas әдеби байқауына қатысқанға дейін «Русская премияның» лонг-лист тізіміне енген. Алайда бұл оның бірінші жүлдесі. Және, Александр айтқандай, бұл «өзіңді әдебиетке арнаудың қажеті не?» деген сұраққа жақсы жауап болады.
Александр Селин, Qalamdas әдеби сыйлығының орыс тіліндегі «Проза» номинациясының жеңімпазы
– Бұл өте маңызды әрі жақсы «бекер емес» деген сезім. Егер кенеттен «не үшін?» деген ой пайда болса, ол бірден жоғалып кетеді, себебі осы «бекер емес» деген сезім бар. Оған қоса өмірбаянымда тұрақты түрде енді мынадай жол бар: «Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының «Проза» номинациясындағы жеңімпазы».
Жазатын адамдарға дофамин керек. Оны алудың ең жақсы жолы – кітабыңды басып шығару. Бірақ бұл қиын және барлығының қолынан келе бермейді. Ең бастысы – бұған көп уақыт кетеді. Дофамин жылдар бойы жетіспеуі мүмкін. Ал әдеби сыйлықтардың ұзын және қысқа тізімдерін жылдамырақ анықтауға болады. Жеңімпаз атансаң, дофамин алып қана қоймай, өзіңе қанат біткендей сезінесің, жаза бергің келеді. Бұл тамаша сезім кем дегенде бір көлемді шығарма жазуға шабыт береді.
Жеңістен кейін «Помогашки» атты хикаятымның өңделген екінші нұсқасын жазып бітірдім, оны досыммен бірлесіп жазып жатырмын. Бета-ридерлер пікірін айтқан соң үшінші нұсқасын жазу керек екенін түсіндім. Сонымен қатар әзірге «КГ» деп аталатын романым үшін материал жинап жүрмін. Биыл қолжазбаның алғашқы нұсқасын бастауды жоспарлап отырмын, мүмкін, жазып та үлгеремін.
Жалпы қызық болды: шағын формаға арналған номинацияда жеңіске жеткеннен кейін мен ірі форма жазуда бақ сынап жатырмын. Бұл жеңіс әңгіме жазған кезеңімді аяқтап, жаңа көкжиектерді ашуыма итермелегендей болды.
«Поэзия» номинациясының иегері Жұлдыз Молдағалиева – әдеби орта үшін «жаңа есім». Жұлдыздың сөзінше, ол өлеңдерін жарнамалай алмайды, бірақ соны үйренгісі келеді, ал әдеби байқауға өмірінде бірінші рет қатысты.
Жұлдыз Молдағалиева, Qalamdas әдеби сыйлығының қазақ тіліндегі «Поэзия» номинациясының жеңімпазы
– Әдетте әдеби ортада жүрмеймін, әдеби байқауларға көп қатыспаймын, бірақ Qalamdas әдеби байқауының аурасы маған ұнады. Өлеңді, әрине, байқау үшін жазбайсың ғой. Десе де «менің өлеңім басқаларға қалай әсер етеді екен» деген ой да болатыны рас. Ең қызығы, бұл менің алғашқы байқауым және алғашқы жүлдем. Байқау әділ өтті деп ойлаймын. Осы жүлдеден соң, жалпы өлеңдер жинағымды шығарсам деген кішігірім арман-тілегім болды. Әрине, қаржы мен уақыт мәселесі бар ғой, бірақ мен сол мақсаттың жолындамын деп ойлаймын.
Меніңше, мұндай байқаулар жиі өткізіліп тұруы керек. Әдебиет, руханият, өлең қаржыға келіп тірелмеу керек десе де, дәл осындай байқаулардың өтуі, жүлде қоры – шығармашылық адамы үшін мотивация бола алады деп ойлаймын. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, таланттарға жол ашатын да сияқты. Оның еркін тыныстауына теңізден тамшыдай болса да үлес қосады. Танылмаған таланттарға, интроверт шығармашыл адамдарға Qalamdas әдеби байқауы таптырмас мүмкіндік сыңайлы.
Ақын Аман Рахметов үшін әдеби байқаудағы жеңіс күтпеген, бірақ жағымды жаңалық болды. Аманның пікірінше, жазушының мансабы үшін көпшілікке танылу ғана емес, сондай-ақ үздіксіз даму және білім алу маңызды.
Аман Рахметов, Qalamdas әдеби сыйлығының орыс тіліндегі «Поэзия» номинациясының жеңімпазы
– Көптеген әдеби сыйлықтарға қатысып, бірнеше рет шорт-лист тізіміне өткеніммен, әдетте лонг-лист тізіміне ғана енгенмін. Сондықтан Qalamdas байқауына өлеңдерімді топтап, инерция бойынша жібердім. Ештеңеге үміттенген жоқпын. Сондықтан Алматыға бармадым. Бәрібір жүлде алмаймын деп ойладым. Кофеханаға барып, марапаттау рәсімін Zoom-нан көріп отырдым. Сосын, бір-екі сағаттан кейін қатты қуандым. Бұл тамаша сезім екен.
Мұндай әдеби сыйлықтардың маңыздылығы қатысушыларына өз-өзіне, таңдаған жолына сенімділік сыйлайтындығында. Жеңіс бағытың дұрыс деген үміт береді, өз ісімен айналыса беруге ынталандырады. Оның үстіне бұл, әрине, қаржылай қолдау. Ал автордың шын әлеуетін ұстаздары, оқытушылары ашады. Маған мына араб мақалы ұнайды: «Егер сіздің ұстазыңыз болмаса, ұстазыңыз шайтан болады». Сондықтан бастаушы авторлар білім алып, ұстаз тауып алып, сын айтуды үйреніп, өз шығармаларына әртүрлі қырынан қарап, көп оқып, жазып үйренуі керек.
Qalamdas әдеби сыйлығының бірінші маусымындағы жеңімпаздарымен қатар өз тәжірибесін қазақстандық жазушы әрі драматург Алишер Рахат та бөлісті. Алишер әдеби байқауларға көп қатысып жүріп, талай рет жеңіске жеткен, ал қазір ол Qalamdas әдеби сыйлығының қазылар алқасының төрағасы. Әдеби байқаулардың тәжірибелі қатысушысы болып, Алишер қазылар алқасының мүшесі ретінде де, үміткер ретінде де жақсы кеңес бере алады.
Алишер Рахат, қазақстандық жазушы, драматург, Qalamdas әдеби сыйлығының төрағасы
– Авторлар тоқтамай жазуы керек. Өйткені жазушылық машық – бұл ерекше нәрсе. Жақсы идея, образ, атмосфераны сөзбен жеткізу оңай емес. Сол үшін үздіксіз жаттығу керек. Менің жазушылық дамуыма көптеген факторлар әсер етті. Жақсы шығармаларды оқып, жақсы фильмдерді көріп, ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, оқығанымды талдап үйрендім. Менің ойымша, мұның барлығы талғамымды қалыптастыруға ықпал етті.
Байқауға үздік жұмысыңды жіберу керек. Кез келген әдеби байқауда, фестивальде барлық қазылар алқасының мүшелерінің көңілінен шығатын туынды табылады. Автор жазғанына өзгелердің көзімен қарап үйренсе, жақсы жағы мен жаман жағын көре бастайды. Жаңа идея, жаңа стиль, жаңа көзқарас, жаңа ой, мүлдем басқа сезімдерді ұсына алса, ол даусыз жеңімпаз болады. Әрине, әрдайым бұлай бола бермейді, бірақ мүмкіндік көп. Егер қазылар алқасы мұндай шығармаға лайықты баға бере алмаса, онда бұл автордың кінәсі емес, байқауды ұйымдастырушылардың кінәсі. Көптеген әдеби байқауларда жеңіске жеткенге дейін мен талай рет жеңілгенмін. Былтыр үш-төрт байқауға қатысып, шорт-лист тізіміне еніп, жеңіске жетпедім, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Келесі жылы үздік шығармаларымды ұсынып, байқауларға қатыспақпын. Қазылар алқасы жұмысыма бірауыздан дауыс бергенін армандасам, олардың назарын аудартатын шығарманы жазуым керек. Сонымен қатар ең маңызды нәрсе – әдеби байқаулар емес, оқырмандар екендігін ұмытпауымыз керек. Ал әдеби байқаулар кең аудиторияны қамтуға көмектеседі.
Qalamdas әдеби сыйлығының бірінші маусымына қатысушылар үшін бұл жеңіс олардың жазушылық мансабының маңызды межесі болды. Халыққа танылмаған болсын, танымал болсын, отандық жазушыларға біржолғы емес, жүйелі қолдау ауадай қажет. Әдеби байқауларға қатысу автордың маңызды мотивациясын қалыптастырады: жаңа кітаптарды жазуға, баспалармен байланыс орнатуға, өз шығармаларын шетелге таратуға, ең бастысы – елімізді мәдениет пен өнер саласындағы бастамаларды жоғары бағалайтын және қолдайтын мәдени хаб ретінде жарнамалауға ынталандырады.
Қазіргі уақытта Qalamdas әдеби сыйлығына EZ Solutions event-агенттігі қолдау көрсетіп жатыр. Алайда жобаны дамыту жолында бұл алғашқы қадамдар ғана, жоба аясында жаңа, қызықты бастамаларға орын табылады. Әдеби сыйлықтарды дамытып қана қоймай, сонымен қатар қазақстандық авторлардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған жаңа әдеби жобаларға бастау беру керек. Жеке компаниялардың, қоғамдық ұйымдардың отандық әдебиетті қолдау деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым көп жаңа автор пайда болады. Олар қазір де бар – тек көпшілікке танылу мүмкіндігін күтіп отыр.