Алексей Навальныйдың өліміне қатысты Жоғары Өкілдің Еуропалық Одақ атынан жасаған мәлімдемесі
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың өлімі Еуропалық Одақтың үлкен наразылығын тудырды. Оның өліміне жауаптылар – Президент Путин мен ресейлік билік өкілдері. Бүгін Сыртқы істер кеңесінің атынан біз Навальныйдың жұбайы Юлия Навальная, олардың балалары, достары мен елінің игілігі үшін онымен бірге еңбек еткен барлық қызметтестерінің қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз.
Ресей Навальныйдың кенеттен болған өлімінің мән-жайын тәуелсіз әрі ашық халықаралық тергеуге мүмкіндік беруі қажет. ЕО серіктестерімен тығыз ынтымақтаса отырып, Ресейдің саяси басшылығы мен билігін жауапқа тарту үшін күш-жігерін аямайды; әрекеттерінің салдары болатыны сөзсіз, солардың бірі – санкциялар.
Әлемнің әр түпкірінде адамдар Алексей Навальныйды еске алып, қоштасуға жиналды. Ресей билігі бірқатар жерлерде бұған жол бермеуге тырысып, бірнеше жүздеген адамды қамауға алды. Оларды дереу босату керек.
Навальный Химиялық қару туралы конвенцияға сәйкес тыйым салынған жүйкеге әсер ететін «Новичок» затымен улап өлтіру әрекетінен кейін Ресейге ерлікпен оралған болатын. Айта кетер жайт, Ресей Федерациясы аталған конвенцияға қатысушы мемлекет. Ол бүкіл әлемнен оқшаулау мақсатымен Сібірге жіберіліп, сол жерде қатаң режимдегі колонияда бірнеше саяси астарлы жазасын өтеген. Отбасымен кездесуге шектеу қойылды. Қорғаушылары қудаланып, олардың үшеуі 2023 жылдың қазан айынан бері сотқа дейінгі қамауда отыр.
Еуропалық Одақ Навальныйды уландыру әрекетін, сондай-ақ оның заңды саяси және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттері үшін оған қарсы шығарылған барлық саяси астарлы шешімдерді барынша қатаң түрде айыптап, оны дереу және сөзсіз босатуға шақырған болатын. ЕО Ресейден Навальныйдың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуді бірнеше рет талап етіп, Мәскеудегі билікке де жеткен. Бірақ одан нәтиже болмады.
Өмір бойы Навальный мырза бүкіл Ресейдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресімен керемет батылдық, еліне және өз азаматтарына бейілдігін көрсетіп, табандылық танытқан. Бұл ел арасында қолдау тапты. Сондықтан Путин мен оның қол астындағылар одан қорықты. Бұл қорқыныштың артында, бір жағынан, Ресейдің Украинаға қарсы жалғасып жатқан заңсыз басқыншылық соғысы мен наурыз айындағы Ресей президентінің сайлауы тұр.
Навальный мырзаның әлемді елең еткізген күтпеген өлімі Ресейдегі репрессияның үдей түскендігінің және жүйелі түрде жүргізіліп жатқанының тағы бір белгісі. Еуропалық Одақ Ресейді барлық саяси тұтқындарды, солардың ішінде Юрий Дмитриев, Владимир Кара-Мурза, Илья Яшин, Алексей Горинов, Лилия Чанышева, Ксения Фадеева, Александра Скочиленко және Иван Сафроновты дереу әрі сөзсіз босатуға қайта шақырады.