Гендерлік теңсіздік – өзекті мәселе

Гендерлік теңсіздік – күрделі мәселе. Ол қоғамдық мінез-құлық, әлеуметтік институттар, нормалар мен тәжірибелер, ресми және дәстүрлі заңдар арқылы реттеледі. Жақында осы тақырыпты жіті зерделейтін, төрт жылда бір рет жарық көретін «Әлеуметтік институттар мен гендер индексінің» жаһандық есебі жарияланды. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының 179 елді қамтитын осы зерттеуіне сүйенсек, гендерлік әділдікке қол жеткізу үшін әр ел үкіметі жәбірлеуші көріністерді гендерлік теңдік нормаларына айналдыруы керек. БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. Тұрақты даму мақсаттары  концепциясының  5 бөлімі –«гендерлік теңдік» екенін алға тартқым келеді.Демек,гендерлік теңдік қай кезде өзекті,әрі өткір тақырып.

Зерттеушілер гендерлік тең­сіз­дікті 4 өлшем бойынша баға­лайды:

  1. Отбасындағы дискримина­ция. Еркек пен әйел отба­сы­на қатысты шешімдерді теңдей қабылдай ала ма? Олар мұрагер болуға және некені бұзуға тең құ­қылы ма? Әйел мен ер азамат­тар­дың заңды некеге тұру жасы бірдей ме? Ғалымдар осы және өзге де сұрақтарға жауап алу ар­қылы отбасы динамикасын сыни ой-елегінен өткізеді.
  2. Күш көрсетпеу. Сарап­шы­лар әйелдердің зорлық-зом­бы­лықтың барлық түрлерінен, яғни сексуалдық зорлық пен харассмент­тен қорғалған ба, жоқ па екенін анықтауға тыры­сады. Кей елдерде әйелдің денсау­лы­ғы­на, атап айтқанда, репро­дук­тивті саулығына күштеп зақым келтіру дәстүрге айналған. Осы­лай­ша, ЭЫДҰ базалық адам құқық­та­ры­ның қорғалуына аса мән береді.
  3. Өндірістік және қаржылық ресурс­тарға шектеулі қолже­тім­ділік. Әлемде әйелдер мен ерлердің жылжымалы және жыл­­­жымалы емес мүлікке тең дәре­­жеде иелік ете алмайтын мем­лекеттер бар. Зерт­теу­шілер келесі сұрақтарға жауап іздейді: әйелдердің дер­бес банк шотын ашуға және несие алуға мүм­кін­дігі бар ма? Жұмыс орнын­да­ғы құқықтар мен мүм­кін­діктері (мысалы, ана мен әкенің декретке шығу теңдігі, ма­ман­дық және жұмыс орнын таңдау еркіндігі) бірдей ме?
  4. Азаматтық бостандықтың шектелуі. Кейбір елдерде әйелдер мен ерлердің азаматтық немесе ұлттық құқықтары тең еместігі бізді таңғалдырмауы керек. Мәсе­лен, кей аймақтарда әйелдер шетел асу былай тұрсын, мемлекет ішінде еркін саяхаттай алмайды. Оған қоса, ғалымдар әйелдердің дауыс беру, сотқа жүгіну және саяси лауазымға тағайындалу құқығына назар аударып, рейтинг жасайды.

2019-2023 жылдар аралығында 85 мемлекет төмен және өте төмен дең­гейдегі гендерлік теңсіздік нәти­желерін көрсеткен. Дамушы елдер мен дамыған елдердің ара­сын­дағы алшақтықтың азайға­ны қуантарлық жайт. Соған қарамастан дүниежүзі бойынша әйелдердің 40%-ы әлеуметтік дискриминация деңгейі жоғары немесе өте жоғары елдерде өмір сүретіні өкінішті. Ғалымдардың айтуынша, заңнамаға қарағанда қоғамның дискриминациялаушы ұстанымдарын өзгерту әлдеқайда көп уақыт алады.

Әлем бойынша әйелдердің эко­номикалық және саяси көш­басшылығы, оларға қарсы жаса­латын зорлық-зомбылық туралы көзқарас өзгеруде. Сауал­на­ма­лар­дың нәтижесінде, кейінгі төрт жылдың ішінде мұндай дис­кри­ми­нациялық көзқарас 4 көр­сет­кішке түсіп, 6%-ға азайған. Бірақ қазір гендерлік паритетке жетуге ең көп кедергі келтіретін отбасы шеңберіндегі теңсіздік. Ақы­сыз бала күтімі, үй іші жұмыс­­тарының тең бөлінбеуі, мұра­гер­лік құқығының шектелуі, ерте және күштеп некеге тұрғызу – мұның бәрі жаһандық деңгейдегі әйел адамның тағдырына кері әсер ететін факторлар.

Гендерлік теңсіздіктің тікелей және жанама түрде экономикалық зардаптарға да әкеліп соғатыны дәлелденген. Мысалы, Гендерлік теңдік жөніндегі Еуропа инсти­ту­ты есебіне сәйкес Еуропа одағы жыл сайынғы шығыны 366 мил­лиард евроны құрайды.

Дүниежүзіндегі 12 мемлекет қана әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғайтын заңды қабыл­дан­ғаны алаңдатпай қоймайды. Тек 14 мемлекетте тұрмыстық зорлық-зом­былық қылмыс деп есеп­теледі. Келешекте психо­ло­гиялық қы­сым­ға, эконо­микалық зорлыққа және харас­с­ментке қар­сы нақты шаралар қабылдануы қажет.Гендерлік теңсіздікті жоюды жылдамдату үшін барлық тарап­тар, яғни саяси шешім қабыл­дау­шылар, халықаралық ұйымдар, жеке сектор, ғалымдар қауымы және азаматтық қоғам өкілдері атса­лысуы шарт. Адам капиталын да­мы­туға ерекше мән беріп отырған елімізде әйел тең­дігі мәселесі маңызды болып тұр. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдің өзіне тең дәрежеде, зор құрметпен қараған абзал.

Аманжолов Ж.М

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

заң факультеті кеден қаржы және

экологиялық құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к.