Ұлт саулығы – орнықты дамудың негізі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша адамның саулығы медицина жүйесіне небәрі 10 пайыз тәуелді екен. Ал, 50 пайызы өмір сүру сапасына, денсаулықты нығайту мүмкіндіктеріне, өмір салтына тікелей байланысты. Бұл үшін қоғам да, жеке адам да бір кісідей жұмылып, күш-жігерлерін біріктірулері қажет. Мақсат — тән мен рухты сауықтыру. БҰҰ-ның «тұрақты даму мақсаттары»концепциясының 3 мақсатында денсаулықты күту керектігі айтылады.Демек,барша адамзаттың денінің саулығы басты байлығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды.Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылады: Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру. Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету. Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар. Президент болашаққа бағытталған байыпты бағдарлар мен міндеттерді саралау барысында денсаулық сақтау саласына да айрықша назар аудару қажеттігін баса айтты. Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, түрлі сырқаттың алдын ертерек алған абзал. Ол экономикалық жағынан да мемлекетке арзан түседі. Аурудың өршіп кетпеуін тұзақтайтын шараларды дер мезгілінде жүргізу тиімділігін әкелері сөзсіз. Барынша тазалық сақтау қажет. Салауатты өмір салтын ұстанып, салауатты жүргенге не жетсін. Ағзаның қорғаныш қабілетін табиғи жолмен шыңдау – ұлт денсаулығының басты кепілі. Әрине, дұрыс тамақтану мен дәрумендерді ұтымды пайдалану да ағзаның сыр бермеуіне ықпал етеді. Кез келген елдің ең басты байлығы – ұлт саулығы болып табылатындығы сөзсіз. Міне, сондықтан да бұл іске барынша жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Бүгінгі таңда халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту мемлекет үшін маңызды мәселе. Ол үшін медициналық технологиялардың дамуы және медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсуі қажет. Бұл жайында Президент «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек», деп нақты атап көрсетті. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Халық үшін жасалынып жатқан әрбір игі іс, әрбір жаңа бастама тәуелсіз еліміздің жаңаша бағытта дамып жатқанының айқын көрінісі.
Ибраева А.С
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің заң факультеті
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық
кафедрасының профессоры, з.ғ.д
Әкімжан Н.Қ
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
заң факультетінің магистранты