Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан ел намысын қорғайтын ойыншылар анықталды
Алматы қаласында тоғызқұмалақтан республикалық чемпионат аяқталды. Тоғызқұмалақтың классика түрінен ерлер мен әйелдер арасында жекелей өткен додада елдіміздің әр аймағынан келген 136 спортшы жүлделерді сарапқа салды.
Бұл чемпионаттың маңызы өте зор болды. Себебі жеңімпаздар қыркүйек айында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды. Сонымен қатар, тоғызқұмалақтан Түркия мемлекетінде болатын әлем чемпионатына жолдама алады.
10 турға созылған чемпионат қорытындысы бойынша ерлер арасында І орын Бексұлтан Бостандықовқа (Қызылорда облысы) бұйырды. ІІ орынды Асылхан Қожанәсіп (Қарағанды облысы), ал ІІІ орынды Дархан Ануарбеков (БҚО) пен Ерсұлтан Әуелбай (Астана қаласы) алды.
Әйелдер арасында орынды Мөлдір Серікқызы (Ақтөбе облысы), ІІ орынды Әсел Далиева (Түркістан облысы) алды. ІІІ орынды Ұлдана Маханбетамин (Қызылорда облысы) мен Аңсаған Қожанәсіп (Қарағанды облысы) бөлісті.
Классика бойынша командалық сайыста І орыннан Қызылорда облысы көрінсе, ІІ орынды Ақтөбе облысы, ІІІ орынды Түркістан облысы алды.
Іс-шара ҚР Туризм және спорт министрлігінің, ҚР Білім министрлігінің, Ұлттық спорт қауымдастығының, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және Спортты қолдау қорының, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Еске сала кетейік, Республикалық «Тоғызқұмалақ» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Теңге ілу», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты федерациялары бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.