ERG кезекті қысқы фестивалін өткізді
«Қазхром» қызметкерлеріне арналған отбасылық денсаулық фестивалі осымен төртінші жыл ұйымдастырылды. Қыстың соңғы айын есте қаларлықтай қызықты өткізу компанияның дәстүріне айналған. Алдымен алапат қарлы бораннан шығып, кештеу болса да, көңілді өткізілген шараға екі филиалдан 700 шақты адам қатысты. Корнхол, мұзда сырғанау, балық аулау, қар бетіне қанық түстермен сурет салу – кәсіпорын қызметкерлері мен олардың отбасыларына арналған бірегей бағдарлама.
Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлерін солтүстік мұзды мұхиттың ақ аюлары қарсы алып, баршаға тамаша көңіл күй сыйлады. Бағдарламада спорттық жарыстар, би алаңы, отбасы мүшелерінің бәріне арналған қызықты ойындар да болды. Ал балақайлардың ақ қарға салған әдемі суреттері сенбілік демалысты одан да жарқын ете түсті. Сондай-ақ биыл Хромтаудағы қысқы фестивальде «корнхол» деп аталатын жаңа ойын қосылып, командалар топқа бөлініп тартысты ойын көрсетті.
– Мен Дөң тау-кен байыту комбинатының кен байыту және кесектеу фабрикасында жұмыс істеймін. Жылда осы денсаулық фестиваліне қатыса алмай қалатынмын. Дәл шара өтетін күні ауысымға түсетін едім. Осы жолы демалысым сай келіп, ұлымды ерте келдім. Балалармен қоса ересектер, өзіміз де қызығып, командалық ойындардың барлығына қатысып шықтық, — дейді хромтаулық Айбек Агедилов. – Денеміз шынығып, ойымыз сергіп, бір демалып қалдық. Адам көп жиналған екен. Керемет демалыс сыйлаған ұйымдастырушыларға рақмет!
ERG-дің қысқы денсулық фестивалі Ақтөбе ферроқорытпа зауытында да жоғары деңгейде өтті. Мұндағы жұмысшылар «Мұз үстінде билеу» байқауына қатысты. Металлургер би мен арнайы костюмдерін өз беттінше ойластырып, жиналғандарға әдемі шоу көрсете білді. Одан бөлек, қатысушылар таудан сырғанау, шаңғы тебу, арқан тартыс секілді түрлі ойын-сауық ұйымдастырылған. Садақ атып, қар үстінде футбол ойнағандар да – ақтөбелік металлургтер.
Күннің аязына қарамай фестивальге жиналған қатысушыларға шара арасында шәй таратылып, түскі ас уақытында барлығы ыстық палаудан дәм тәтті. Ал кішкентай қонақтарға тәттілер мен ойыншықтар сыйға тартылды.
Бастысы, жиналған жұрт бойларына жаңа қуат жинап, естелік суретке түсіріп, мәз-мейрам болып тарқасты.