Түркістанда географиялық көрсеткіштерді қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі жөніндегі халықаралық семинар өтті
4-5 наурызда Түркістан қаласында «Географиялық көрсеткіштерді құқықтық қорғау және олардың ұлттық брендтерді ілгерілетудегі рөлі» тақырыбында халықаралық семинар өтті.
Семинарды Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) қолдауымен ҚР Әділет министрлігі ұйымдастырды.
Семинар тұрақты дамуды ілгерілетудегі географиялық көрсеткіштердің ерекше рөлін талқылау мақсатында ДЗМҰ, Еуропалық Одақ, Әзірбайжан, Орталық Азия елдерінің, мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің, өндірушілер мен мамандардың өкілдерін біріктірді.
ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев: «Географиялық көрсеткіштер бүкіл әлем бойынша белгілі бір өңірдің тауарлары мен қызметтерін тануды арттырудың және агроөнеркәсіптік өңірлерді дамытудың орнықтылығын арттырудың тиімді құралы. Түркістан облысы еліміздің негізгі аграрлық өңірлерінің бірі және көптеген географиялық көрсеткіштерді тіркеуде үлкен әлеуетке ие»
Іс-шараға ДЗМҰ брендтері секторының Лиссабон тізілімінің директоры Александра Грациоли, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы ҚР үшін географиялық көрсеткіштердің маңыздылығын, өндірушілер, тұтынушылар және жалпы қоғам үшін, оның ішінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру, дәстүрлі білім мен мәдени мұраны сақтау, туризм мен экологияны дамыту тұрғысынан географиялық көрсеткіштерді құрудың артықшылықтарын атап өтті.
Өз сөзінде ҚР ӘМ Зияткерлік меншік құқықтары департаментінің директоры Шолпан Әбдіреева географиялық көрсеткіштердің әлеуметтік-экономикалық аспектілері туралы айтты. Жиын қатысушылары заңнамадағы кейбір маңызды новеллалар және оларды қолдану тәжірибесі туралы өз ойларын білді.
Ұлттық зияткерлік меншік Институты (ҰЗМИ) директорының орынбасары Айдын Артықова осы саладағы ҰЗМИ жұмысының нәтижелері және қызметті одан әрі жетілдіру жөніндегі міндеттер туралы хабардар етті.
Семинардың бірінші күні географиялық көрсеткіштерді ұлттық деңгейде тіркеу және пайдалану тәжірибесіне арналса, семинардың екінші күні Әзірбайжан мен Орталық Азия елдерінде географиялық көрсеткіштерді пайдалануды құқықтық реттеудің тұжырымдамалық мақсаттары мен мәселелері қаралады.
Алматы апортын өндірушілер қауымдастығының өкілдері «Алматы апорты» географиялық нұсқауының құрылу және тіркелу тарихы туралы айтып берді. «Балмұздақ» ЖШС өкілдері Түркістан шоколадын және Түркістан балмұздағын қолдану және тіркеу тәжірибесімен бөлісті.
ДЗМҰ брендтер секторының Лиссабон тізілімінің директоры Александра Грациоли «географиялық көрсеткіштер ел ішінде және халықаралық нарықтарға сапалы ауылшаруашылық өнімдерін ұсыну» тақырыбында баяндама жасады.
Географиялық көрсеткіштерді қолдану тәжірибесімен Әзірбайжан, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері де бөлісті.
Орталық Азиядағы Hilfswerk International өкілдігі миссиясының басшысы Умед Асланов Орталық Азиядағы географиялық көрсеткіштер жүйесін ілгерілетудің тұрақты әдістері мен тәсілдері туралы айтып берді.
Сонымен қатар, семинар аясында Қазақстанның түрлі өңірлерінен 50-ден астам кәсіпкерлік субъектілері қатысқан ұлттық брендтердің екі күндік көрмесі өтеді. Кәсіпкерлердің көрмеге қатысуы олардың зияткерлік меншікті қорғау қажеттілігі туралы түсінігін және өз өнімдерінің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға үлесін қосуға дайын екендігін көрсетті. Географиялық белгілерді тіркеу өнімдердің бірегейлігін заңды қорғауды және сақтауды қамтамасыз етудің және тұтынушылардың назарын ұлттық брендтерге аударудың негізгі қадамы ретінде танылады.
ДЗМҰ қолдауымен өткен семинар ауыл шаруашылығы өнімдері мен басқа да тауарлар мен қызметтердің тұрақты дамуын ілгерілетудегі географиялық көрсеткіштердің ерекше рөлін талқылау үшін мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің, өндірушілер мен мамандардың өкілдерін біріктірді және белсенді диалог пен әртүрлі елдердегі географиялық көрсеткіштерді дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылау алаңына айналды.