Биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта өткізіледі
Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Наурыз мейрамының төл мағынасын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өткен болатын.
Айта кетейік, тарихта Наурызды тойлау 8-9 күнге жалғасқан. Оны ата-бабаларымыз «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазушыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде жазылған.
Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру аясында Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мейрамы ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдама әзірленді. Осы ретте ұлттық рухани құндылықтарға негізделген 14-23 наурыз күндері аралығындағы әр күнді қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық болмысын ашып көрсетуге бағытталған «Наурызнама» тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілген.
14 наурыз – «Көрісу» күні – Амал мерекесі, халық қыстан аман-есен шығып, туған-туыстарға, көршілерге, жасы үлкен кісілерге сәлем беріп, көріседі.
15 наурыз – «Қайырымдылық күні», бұл күні облыс көлемінде игі істер марафондары ұйымдастырылады.
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», бұл күн — мәдениетіміз, тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін күн.
17 наурыз – «Шаңырақ күні». «Аналар кеңесінің» кездесулері, келіндер байқауы, ұлттық педагогика және отбасы институтын нығайтуға бағытталған шаралары өткізіледі.
18 наурыз – «Ұлттық киім күні», бұл күні қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға бағытталған сәнді киімдер көрсетілімі мен фестивальдер ұйымдастыру, танымал мәдениет қайраткерлері, әртістер, спортшылардың қатысуымен «Ұлттық киім күні» челленджі жоспарланған.
19 наурыз – «Жаңару күні», бұл күн «жаңа көшеттер – жаңа идеялар – мемлекет дамуындағы жаңа кезең» деген мәнге негізделген. Барлық аумақтар, жолдарды тазарту жұмыстары жүргізіледі.
20 наурыз – «Ұлттық спорт күні», бұл күні облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, қала және аудан әкімдіктерімен ұлттық спорт түрлері (қазақ күресі, арқан тарту, қол күрес, гір көтеру, асық ату, ләңгі тебу, қошқар көтеру) бойынша жарыстар, турнирлер өткізіледі.
21 наурыз – «Ынтымақ күні», бұл күні республикалық жалпыұлттық телемарафон ұйымдастырылады. Өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Қош келдің, әз-Наурыз!» концерттік бағдарламасы, кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылатын болады.
22 наурыз – «Жыл басы – Наурызнама күні», бұл Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтіледі. Негізгі шара өтетін орын – «Қазақ халқына мың алғыс» алаңы. Бұл күні халықтық серуен, театрландырылған көріністер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт ойын түрлері, этнографиялық бұйымдардың, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады. Киіз үйлер тігіледі.
23 наурыз – «Тазарту күні», бұл күні облыс қала және аудандарда жаңа жылды жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізу, «Тазалық эстафетасы» аясында арықтарды, аулаларды қардан, қоқыстан, мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау жұмыстары жүргізіледі.