Су тасқынына байланысты «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының үндеуі
Еліміздің өңірлеріндегі су тасқыны көптеген елді мекендерге қауіп төндіруде. Бірнеше аймақта төтенше жағдай жарияланды. Орталық және жергілікті жауапты атқарушы органдар апаттың салдарымен күресуге жұмылдырылды.
Су тасқынының зардабын әсіресе, қырдағы ауылдар қатты сезуде. Дәл қазіргідей жағдайда билік пен қоғам өкілдері кінәліні іздеп, болмашы даумен уақыт жоғалтпай, мал шығыны мен жан шығынының алдын алуды ұйымдастыруы тиіс.
Осындай сын сағатта ең алдымен партиямыздың өңірлік филиалдардағы өкілдерін, әрбір партияласымызды азаматтық жауапкершілікті жете сезініп, зардап шеккен отандастарымызға қол ұшын созуға шақырамыз.
«Ауыл» партиясы еліміздегі тосын жағдайға орай барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарды, жалпы ел азаматтарын салиқалылық пен сабырлық сақтап, күш біріктіріп, апатты жағдайға қарсы жұмыла әрекет етуге үндейді.
Біз талай қиын — қыстау кезеңдерде бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында сан түрлі сынақтарға қарсы тұра білген елміз. Табиғат апатынан тұтқиылдан келген қиындықты жұдырықтай жұмылып, бірге еңсерейік, ағайын!
«Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясы»