ERG қарғын судан зардап шеккендерге көмекке 400 млн теңге бағыттайды
ERG қарғын судың зардаптарын жою мен тасқын судан зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына көмек көрсетуге 400 млн теңге бөледі.
— Ауа райының тосын мінезі салдарынан қиындықта қалған қазақстандықтардың жағдайына біз де алаңдап отырмыз,- деді ERG директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. – Бөлінген қаражат қарғын судың зардаптарын жоюға сеп болып, су астында қалған елді мекен тұрғындары жақын арада өздерінің қалыпты өміріне оралады деген үміттеміз.
Қаржылай көмектен бөлек, Топ кәсіпорындары қарғын судың алдын алу жұмыстарына арнайы техникалар мен білікті мамандарын бағыттап жатыр. Сондай-ақ, кәсіпорындардағы еріктілер ұйымы жұртқа барынша көмек беріп жүр.
Ақтөбе облысында жолға 300 тонна қиыршық тас жеткізіліп, тасқынға тосқын болуға арнайы техникалар – 2 самосвал мен тиегіштер жөнелтілді. Қарғын судан зардап шеккен адамдарға көмек беріліп, ауыз су, жеке гигиена заттары мен алғашқы қажеттілік тауарлары сатып алынды. Қостанай облысында Рудный қаласының іргесіндегі Перцевка кенті мектебінің ауласы омбы қардан тазартылды. Қарғын су жиналған орынға 2 самосвал шұғыл жетіп, су жолына бөген салды. Нәтижесінде ағысты қажетті бағытқа бұрып, қатердің алдын алды. Арқалық қаласы маңындағы елдімекендерден 85 бала қауіпсіз жерге жеткізілді. Қазір 5 млн теңгеге киім сатып алынып жатыр.
ERG қызметін бастағалы бері 30 жыл бойы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Қазіргі таңда ERG-дің кәсіпорындары орналасқан өңірлерге құйған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі – 1 млрд АҚШ долларынан асып жығылды.