БҚО-да тауық көңін түйіршікті тыңайтқышқа өңдеу технологиясы әзірленді
Орал қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік тапсырысы аясында, бірыңғай грант операторының қолдауымен ауыл шаруашылығы өнімдерін органикалық тыңайтқыштарға өңдеу жобасы жүзеге асырылды, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.
Орал қаласы құс фабрикаларымен танымал, өңір тұрғындарына кез келген өнім мен тауар қолжетімді. Дегенмен, тауық көңінен шығатын аммиак иісі ыңғайсыздық туғызуда. Бұл қала тұрғындары үшін өте өзекті мәселе болып отыр.
“Біз құс қалдықтарын қайта өңдеу технологиясын әзірледік. Мемлекеттік грантты ұтқаннан кейін жобаны жүзеге асыруға кірістік. Айта кету керек, бір құс фабрикасынан жылына 83 тоннаға дейін қалдықтар шығады. Бұл қалдықтар улы компонент болып табылады. Біздің биореактор тауық көңін органикалық тыңайтқышқа өңдеуге мүмкіндік береді. Шығыны аз қайта өңдеу процесі төрт кезеңнен тұрады: жинау және кептіру, түйіршіктеу, салқындату, буып-түю және сақтау. Біз бұл технологияның одан әрі дамыту Қазақстанда өндірісіне үлкен пайда әкеледі деп үміттенеміз», – дейді «Greenjaik» жобасының жетекшісі Дамир Мулдашев.
Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, биореактор тауық қалдықтарынан бөлек, кәріз қалдықтарын да тыңайтқышқа айналдыра алады.
Айта кетсек, Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл пилоттық жоба органикалық қалдықтарды қайта өңдеу технологиясын енгізудің және ауыл шаруашылығы дақылдары мен жеміс-көкөніс өнімдерінің сапасын арттырудың жарқын мысалы болып табылады.