Алматы облысында туризм саласына 60 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған
Алматы облысы туристік өлке. Аймақта өткен жылы туризм нысандары мен жобаларын дамытуға 60, 5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы баспасөз-туры кезінде мәлім болды.
Басқарманың тікелей мұрындық болуымен өткен баспасөз-турында өңірдегі көркем мекен Кеген ауданына қарасты Көлсай және Қайыңды көлдері таныстырылды.
Тұмса табиғатымен көрген көзді жаулайтын сұлулыққа толы мекенде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасалған.
Мамыр айына дейін 80 мың турист Көлсай көлдерін тамашалауға келген. Алдағы жазғы маусымда бұл көрсеткіш 3 есеге ұлғаяды деп жоспарланған.
Былтыр қос таудың ортасында орын тепкен Көлсайға 250 мың адам келсе, биыл бұл сандар 400-ден асады деп күтілуде.
«Өткен жылы Көлсай көлдеріне туристердің қауіпсіздігі үшін ағаштан жаяу жүргінші жолы жасалған еді, биыл бұл үрдіс жалғасын тауып, Қайыңды және Көлсай көлдеріне ұзындығы 470 метр болатын жол салынады»,-деді облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Қазіргі таңда дәл осы жерде инфрақұрылым мәселесі шешім тауып, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылуда.
Алматы облысының айшықты мекенін көзбен көруге келетін адамдарға қолайлы жағдай жасау міндет. Бұл қатарға, күре жолдың тағдыры да кіреді.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, бүгінде туризм және спорт министрлігі әзірлеген 50/50 бағдарламасының аясында жол салу үшін өтінім берілген. Өтінім мақұлданса, туристер көп келетін аумақта халықаралық стандарттарға сай жолдар салынатын болады.
Айта кетейік, өңірде туристердің ағынын ұлғайту үшін «Tengri Ultra», «OCEANMEN» сынды ірі жобалар жүзеге асырылады. Жақын арада, «QAZAQ MARATHON» спорттық шарасы өтеді деп жоспарланған, марафонға 2 мыңға жуық адам қатыспақ. Бүгінде Алматы облысында эко және агротуризмға баса назар аударылуда.