Сурдо футзалдан әлем чемпионатын Қазақстан спортшылары жеңіспен бастады
Астанада алғаш рет 21 жасқа дейінгі есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында сурдо футзалдан әлем чемпионаты басталды.
Жарыстың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев, Халықаралық сурдо спорт комитетінің президенті Адам Коса, Халықаралық сурдо футбол ассоциациясының президенті Яков Френкель, Қазақстанның сурдо футбол және футзал федерациясының президенті Мейрамбек Махамбетов, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Ержан Естаев және Қазақстан сурдлимпиадалық комитетінің президенті Сауле Шакуова қатысты.
«Астанада сурдо футзалдан екінші әлем чемпионаты өз бастауын алды. Бірінші әлем чемпионаты осыдан екі жыл бұрын Малайзияның астанасы Куала-Лумпурда өткен болатын. Алғашқы чемпионатта ұлттық құрама спортшылары 8 команда арасында тек Иран құрамасына есе жіберіп, екінші орынға тұрақтаған болатын. Енді міне биыл елімізде алғаш рет өткізіліп отырған шараға Қазақстан, Бразилия, Украина, Оман, Иран, Азербайджан, Тәжікістан, Тайланд, Сауд Арабиясы және Өзбекстан командалары қатысып, бақ сынайды. Чемпионатты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Туризм және спорт министрлігіне, Sport Qory және «Самұрық қазына» АҚ алғыс білдіремін. Осы жарыста еліміздің спортшылары лайықты өнер көрсетіп, жеңімпаз атанады деп сенемін», — деді Мейрамбек Махамбетов.
Ашылу салтанатынан кейін алғашқы ойын Қазақстан мен Тәжікістан арасында өтті. Еліміздің спортшылары қарсыластарын 36:1 есебімен ойсырата жеңді.
«Жеребе тарту рәсімінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы А тобына өтті. Біздін топта Тәжікістан, Сауд Аравиясы, Украина мен Оман мемлекеті бар. Осы топтағы мықты қарсыласымыз Украина командасы болса, ал жалпы чемпионаттағы басты қарсыласымыз Иран командасы деп санаймын. Чемпионат алдында дайындығымыз жақсы болды. Сәуір айында Ақтөбе қаласында, ал мамырда Астанада чемпиоант алдындағы оқу жаттығу жиынадары өтті. Чемпионатта жеңіске жету үшін бар күшімізді салатын боламыз», — деді ұлттық құрама спортшысы Тұрсынбек Сейдалиев.
Ұлттық құрама үшін келесі ойын 2ші маусымда сағат 14:00-де Оман құрамасымен өтеді.