Ә.Науаи атындағы театр гастролі: достық пен мәдени әріптестік нышаны
Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театр «Астана Опера» сахнасында гастрольмен өнер көрсетеді. Танымал өзбекстандық ұжым 22 қарашада елордалық көпшіліктің назарына опера және балет нөмірлері енген ауқымды Гала-концерт ұсынады.
Айта кетейік, Ә.Науаи атындағы Үлкен театр әртістері бұрын Қазақстанда бірнеше мәрте өнер көрсеткен. Мәселен труппа «Өзбекстанның Қазақстандағы мәдени күндері» керемет жобасына қадірлі шығармашыл мейман ретінде қатысса, Алматы, Астана және Қазақстанның басқа қалаларының жетекші сахналарында жекелеген жарқын солистерінің гастрольдері табысты өтті. Үлкен театр маэстросы Аида Абдуллаева Астанада Дж.Вердидің «Аида» спектакліне дирижерлік етіп, бұл қойылымды көрермендер жылы қабылдады. Өз кезегінде Қазақстанның шығармашылық ұжымдары да Өзбекстанда жүйелі түрде өнер көрсетеді. Еске сала кетсек, 2019 жылы «Астана Операның» Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театр сахнасындағы гастролі де зор жетістікпен өткен болатын. Ташкенттік көрермендер А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық операсын, сондай-ақ Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» опералық қойылымын таңданыспен қабылдаған еді.
– Біздің елдерімізді ондаған жылдар бойы қалыптасқан жасампаз шығармашылық пен жақын мемлекеттік қарым-қатынастар байланыстырады. Өзбекстан мен Қазақстан халқын шынайы достық пен тату көршілік біріктіреді. Қазақ ұлтының бірқатар өкілдері Өзбекстанның байырғы және тең құқылы тұрғындары болып табылады. Олар біздің қасиетті жерімізді мекендеген өзге де көптеген халықтармен бірлікте өмір сүруде. Осынау ынтымақтастыққа Өзбекстан мен Қазақстанның жоғары басшылығының салиқалы саясаты зор ықпал етуде. Театрымыздың Қазақстанға гастролінің екі елдің өзара шығармашылық байланысын нығайтуда және мәдениеттерін байытуда маңызы зор. Біздің елде де, Қазақстанда да ұлттық шығармашылық бастаулары халықаралық опера және балет өнерінің классикалық жетістіктерімен тығыз байланысты, – деді Ә.Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың көркемдік жетекшісі Абдулло Алимов.
– Ұйымдастыру тұрғысынан мұндай үлкен тур – ауқымды халықаралық жоба. Бұл арада 110 адамнан құралған шығармашылық ұжымды көрсетуіміз қажет. Дәстүрге сай, онда үздік шығармашылық күштер – халық әртістері, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, еңбек сіңірген әртістер, сондай-ақ көптеген беделді халықаралық байқауларда, оның ішінде жуырда Өзбекстанда өткен «Competition dell’оpera» додасында лауреат атанған дарынды жастар жұмылдырылған. Ә.Науаи атындағы МАҮТ симфониялық оркестрі де өнер көрсетеді. Бұл еліміздің опера және балет өнерін жан-жақты әрі абыроймен таныстыруға мүмкіндік береді, – деп пікірін қосты Абдулло Алимов.
Бұл күні көрермендер «Астана Опера» сахнасында ұсынылған өзбектің төл опера және балет шығармаларынан бірегей нөмірлермен танысуға, сондай-ақ классикалық туындылармен рақаттануға мүмкіндік алады. Атап айтсақ, Ә.Науаи атындағы Үлкен театр солистері Ш.Гуноның «Фауст» операсынан Мефистофельдің шумақтарын, Дж.Вердидің «Дон Карлос», «Бал маскарад», П.Чайковскийдің «Иоланта», Н.Римский-Корсаковтың «Мамыр түні» операларынан нөмірлерді, Дж.Пуччинидің «Богема», А.Дворжактың «Су перісі», В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта», Ф.Чилеаның «Адриана Лекуврёр» операларынан ариялар мен басқа да шығармаларды орындайды.
Өзбек композиторы, КСРО Халық әртісі М.Ашрафийдің «Кашмирида» романсы, сондай-ақ Өзбек КСР Халық әртісі, композитор С.Юдаковтың «Майсараның айласы» операсынан увертюра мен көрініс гастроль бағдарламасының сәнін келтіреді.
Бағдарламаның балеттік бөліміне Л.Минкустың «Дон Кихот», «Баядерка», Ц.Пунидің «Эсмеральда», А.Аданның «Жизель» және «Корсар» спектакльдерінен нөмірлер, Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де, Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» балетінен адажио енді. Көпшіліктің назарына Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» балетінен вальс, Ж.Бизе-Р.Щедриннің «Кармен сюита» балетінен вариациялар мен адажио, С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен балкондағы көрініс ұсынылады.
Бұл күні Ә.Науаи атындағы Үлкен театрдың симфониялық оркестрі маэстро Денис Власенконың жетекшілігімен өнер көрсетеді.
– Екі ел арасындағы мәдени және шығармашылық байланыстарды одан әрі нығайту қажет екенін атап өткім келеді. Бүкіл әлемде опера және балет театрларының өмірі қарқынды сахналық қызметтен бөлек, өзге де сан қырлы жасампаз қарым-қатынастармен байланысты. Бұл әрбір театрдың жеке өмірін байытып, солист, дирижер, режиссер, хореограф, суретші-сценографтардың шығармашылық дамуына ықпал етеді. Осы ретте біз Ә.Науаи атындағы Үлкен театр мен «Астана Опера» театры арасындағы достық пен шығармашылық әріптестік одан әрі нығая түседі деген үміттеміз, – деп қорытындылады Абдулло Алимов.