Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры Астанаға гастрольдік сапармен келді
Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астанаға гастрольмен келді. Шығармашылық ұжым елордалық көрерменге Джузеппе Вердидің «Травиата» операсын ұсынды. «Астана Опера» театрында өткен қойылымға министр Асхат Оралов барды.
«Мұндай іс-шаралар көрермендер үшін ғана қызықты емес. Артистердің өздері де жаңа аудитория алдында өнер көрсетіп, бірегей тәжірибе алатынына сенімдімін. Мәдениет — ортақ игілігіміз, сондықтан мүмкіндігінше барлық адам Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдармен танысуға мүмкіндік алуы тиіс. Министрлік осындай гастрольдік турларды ұйымдастыруды жалғастырады. Гастрольдік сапарлар Астана мен Алматыда ғана емес, өңірлерде де жалғасын табады», — деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі.
Астана көрермендердің назарына Жорж Бизе мен Родион Щедриннің «Кармен-Сюитасы», сондай-ақ Николай Римский-Корсаковтың музыкасына жазылған «Шехеразада» балеті ұсынылды.
Осы уақытта «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы Алматыда бірқатар қойылымдарды аяқтады. Елордалық театр көрермендердің назарына Арам Хачатурянның «Спартак» балеті мен Вольфганг Амадей Моцарттың музыкасына жазылған «Кішкентай өлім» және «Алты би» бір актілі туындыларын ұсынды.
ҚР МСМ Баспасөз қызметі