Абай облысы білім беру ұйымдарындағы психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Абай облысында білім беру мекемелеріндегі психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған облыстық семинар өтті. Мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, девианттық мінез-құлықтың, қауіп-қатерлердің алдын алу және кәсіби құзыреттілікті арттыру. Іс-шараға білім беру ұйым директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және педагог-психологтар, жалпы 150-ге жуық қатысушы қатысты.
Семинардың ашылуында Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова құттықтау сөз сөйлеп, білім беру ұйымдарында психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Пленарлық бөлімде қатысушылар балалардың құқықтарын қорғаудағы азаматтық қоғамның рөлі, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер, қазіргі балалар мен жасөспірімдердің психологиялық портреті, сондай-ақ білім беру ортасының психологиялық қауіпсіздігі мәселелерін талқылады.
Семинар жұмысы секциялық отырыстарда жалғасты.
Білім беру ұйымдары директорларына арналған секцияда психологиялық қауіпсіздікке төнетін қауіптер мен қатерлер, сондай-ақ дағдарыстық жағдайларда оларды болдырмау шаралары талқыланды. Тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлар қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әлеуметтік-коммуникативтік аспектілерге назар аударды, ал педагог-психологтар буллинг және басқа да қауіп-қатерлер жағдайларында балаларға кәсіби көмек көрсету мүмкіндіктеріне тоқталды. Барлық секция қорытындысында психологиялық қызметтің тиімді жұмысын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Семинар «Ашық микрофон» сессиясымен аяқталып, қатысушылар белсенді түрде өз пікірлерін білдіріп, сұрақтар қойып, өзекті мәселелерді талқылады.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі