Абай облысында 2027 жылға дейін 9 балабақша салу жоспарланған
Абай облысында 226 мыңнан астам бала білім алатын 561 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев мәлімдеді.
— Семей қаласында биыл мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру және балаларды толық қамту мақсатында 2 жекеменшік балабақша ашылып, 183 жаңа орын пайдалануға берілді. Сонымен қатар қолданыстағы мектепке дейінгі мекемелердің сыйымдылығы 1466 орынға ұлғайтылды. 2027 жылға дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2100 орынға арналған 9 балабақша салу жоспарланған. Бұдан бөлек, облыстағы 8700 оқушының орын тапшылығы мәселесі 4 жайлы мектеп пен 6 шағын жинақты мектептің құрылысы арқылы шешілетін болады, – деп мәлімдеді білім басқармасының басшысы.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында төрт мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қосымша білім беруді дамыту мақсатында көпфункционалды Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оны 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Абай ауданында 40 орындық балаларға арналған жазғы лагерь салынуда.
— Білім саласына жеке инвестициялар тарту нәтижесінде биыл облыс орталығында «KAZ Minerals Management» компаниясының қаржыландыруымен 1200 орындық IT мектеп ашылды. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту мақсатында IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі өз жұмысын бастады. Қыркүйек айында «Қаражыра» АҚ-ның жеке инвестициялары есебінен М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде 300 орындық концерт залы пайдалануға берілді, – деді Нұржан Ахметқалиев.
Спикердің айтуынша, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 46 мектепке 48 жаңа пәндік кабинет сатып алынып, 320 интерактивті панель орнатылған. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 4 тірек мектепте жалпы сомасы 1 млрд теңгеге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауылдық 127 мектепте Starlink жүйесі қосылып, интернет жылдамдығы 4 Мбит/с-тен 100-200 Мбит/с-ке дейін артқан.
Абай облысында балаларды сапалы біліммен, заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету басымдықтардың бірі болып қала береді. 2024 жылы қол жеткізген жетістіктер облыстың білім саласындағы болашағы жарқын екенін айғақтайды. 2025 жылда осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі