Абай облысында 98 жастағы ұстаз марапатталды
Абай облысының білім саласында ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеген ардагер ұстаздар жаңа оқу жылы басталар алдында марапатқа ие болды. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атынан арнайы Алғыс хаттар табысталды. Марапатты білім бөлімінің басшылары алғашқы қоңырау жиыны аясында салтанатты түрде табыстады.
1 қыркүйек күні өңірдегі ең қарт әрі қадірлі ұстаз марапатталды. 1926 жылы дүниеге келген және ұстаздық қызметін 16 жасында бастаған Күлжік Рахымжановаға ерекше құрмет көрсетілді. Ол көптеген жылдарын Шұбартау ауданындағы «Екпін» орта мектебіне арнаған. КСРО және Қазақ КСР-ның оқу-ағарту ісінің үздігі атанған Күлжік апай бүгінде 98 жасқа толып отыр, Аягөз ауданының Мәдениет ауылында тұрып жатыр. Ұстаз биылғы мектеп бітіруші түлектерге өлең жолдарын арнады. Жас ұрпақты білімге ұмтылуға, өмірден өз жолын табуға және ұстазға деген шексіз құрмет көрсетуге шақырды.
Құрметке ие болғандардың бірі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» орденінің иегері, №7 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Алма Шукыжанова. Алма Шукыжанова осы білім ордасында 1983 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ұстаздық жолындағы 51 жыл ішінде білімге деген адалдығы, шәкірттерге деген шынайы қамқорлығы арқасында мыңдаған оқушының жүрегінен орын алған. Оның тәрбиелеген шәкірттері бүгінде елдің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада табысты еңбек етуде.
Бұл марапаттар ардагер ұстаздардың білім беру жүйесіне қосқан елеулі үлесін, олардың жоғары кәсібилігін айқын көрсетеді.
Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі