Абай облысында «Ақсуат колледжінде» оқу-өндірістік шеберхана ашылды

Шеберхана заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған және болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын дамытуға арналған. Мұнда тігін өндірісі, аспаздық және кондитерлік іс, ауыл шаруашылығы машиналары мен қозғалтқыштарды құрастыру, сондай-ақ слесарь жөндеуші мамандықтары бойынша кабинеттер жұмыс істейді.

Облыстық білім басқармасының қолдауымен шеберхананы жабдықтауға және жатақхана ғимаратына 123 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен қажетті құрал-жабдықтар сыйға тартылды. Жалпы алғанда, соңғы жылдары колледжді дамытуға 400 миллион теңгеге жуық инвестиция салынған. Бұл қаражатқа спорт зал, асхана мен шеберханалар жөндеуден өткізіліп, жылу жүйесі жаңартылды. Сонымен бірге колледжге жаңа ПАЗ автобусы сыйға берілді.

1959 жылы негізі қаланған Ақсуат колледжі бүгінде еңбек нарығының сұранысына сай білікті жұмысшы мамандарын даярлауда. Қазіргі уақытта колледжде 314 студент білім алады, оның ішінде 185 студент 2024-2025 оқу жылында қабылданған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған бастамасына сәйкес, Абай облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласында бірқатар жаңа жобалар іске асады.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі