Абай облысында ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылды
Абай облысында Абай облысының білім басқармасы, «BeyimTech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және облыстық инновациялық-әдістемелік орталық арасындағы ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойылды. Бұл құжат Абай облысынан басталатын және бүкіл республика бойынша таратылатын ауқымды білім беру жобаларын іске асыру үшін негіз болады.
Меморандумға Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев пен «BeyimTech» ЖШС директоры Нұрсұлтан Дүйсебаев және облыстық инновациялық-әдістемелік орталық директорының міндетін атқарушы Айнұр Исабаева қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:
Инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу — оқушылардың білім сапасын жақсарту және оқу процесін жаңғырту бойынша бірлескен жұмыс.
Мәдени және білім беру іс-шараларын ұйымдастыру — білім мен тәжірибе алмасу үшін конференциялар, форумдар, көрмелер және басқа да іс-шаралар өткізу.
Білім беруді ұлттық деңгейде ілгерілету — білім берудің маңыздылығына баса назар аудару.
Айта кету керек, Абай облысы бұл жобаны жүзеге асыратын алғашқы өңір болды. Бұл өңірдің болашақта бүкіл республика бойынша таратылатын ауқымды білім беру бастамалары үшін пилоттық алаң ретіндегі стратегиялық маңыздылығын көрсетеді.
Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және ұзарту мүмкіндігімен он жыл бойы қолданыста болады. Келісімнің орындалуының жыл сайынғы мониторингі қол жеткізілген нәтижелерді бағалауға және ынтымақтастықты тереңдету үшін одан әрі қадамдарды айқындауға мүмкіндік береді.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі