Абай облысында жайлы мектепте «1000 кітап» жобасы бастау алды

Абай облысы Семей қаласындағы жаңадан бой көтерген №51 жалпы орта білім беретін мектепте «1000 кітап» жобасы іске қосылды. Бұл білім ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып, биыл сәуір айында оқушыларға пайдалануға берілді.

«1000 кітап» – бұл мектеп қабырғасындағы алғашқы ауқымды рухани-мәдени бастама. Жоба мектеп ұжымы мен ата-аналардың қолдауымен жүзеге асады. Игі бастама «3Б: ұят, обал, сауап» қағидаттарына сүйеніп, оқушыларға кітап арқылы өмірлік маңызы бар тәрбие мен адами құндылықтарды дарытуды мақсат етеді.

Жоба бойынша әр оқушы жыл бойы бір кітап оқиды. Кейін оқушылар кітаптарын бір-бірімен ауыстырады. Осылайша жыл соңына дейін бірнеше кітап оқып шығады.

Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайту көзделіп отыр.

Сондай-ақ жоба аясында мектеп оқушылары мен ұстаздар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша мектеп аумағында 15 түп ағаш отырғызды. Бұл шара табиғатқа деген жанашырлықты тәрбиелеумен қатар, мектеп ауласын көгалдандыруға бағытталған.

Мектеп ұжымы бұл бастамалар жас ұрпақтың рухани дамуына және оқуға құштар ортаны қалыптастыруға оң әсер деп санайды.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі

Telegram-канал: Абай облысында жайлы мектепте «1000 кітап» жобасы бастау алды