Абай облысының білім саласындағы жетістіктер: Басқарманың баспасөз қызметі қорытынды жасады

Абай облысының білім басқармасының баспасөз қызметі басқарма басшысы қызметін атқарған Нұржан Ахметқалиевтің өңірдің білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктеріне тоқталды.
Жаңадан құрылған өңірде білім беру жүйесін қалыптастыру үлкен жауапкершілік болды. Үш жылға жуық уақытта білім сапасын арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, маңызды нәтижелерге қол жеткізілді.
Білім беру мекемелері мен инфрақұрылым
Абай облысында 747 білім беру ұйымында 226 486 бала сапалы білім алу мүмкіндігіне ие. Осы мақсатта кешенді жоспарлар мен реформалар жүзеге асырылды. Мектепке дейінгі білім беру саласында да оң өзгерістер байқалады. Семей қаласында 2 жекеменшік балабақша ашылып, 183 жаңа орын ұсынылды. Жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі мекемелер 1466 орынға кеңейтілді. Алдағы жылдары 2100 орындық 9 балабақша салу жоспарланған. 2024 жылы алғаш болып Абай облысы колледждер базасында кәсіби жазғы лагерьлер ашты.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылы 3 мектептің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар 170-тен астам мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 11 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 9 түзету кабинеті, 14 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.
Білім саласына тартылған инвестициялар
Білім саласына жеке инвестициялар тарту нәтижесінде «KAZ Minerals Management» қаржыландыруымен облыс орталығында 1200 орындық IT мектеп пен IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі ашылды. Сондай-ақ «Қаражыра» компаниясының жеке инвестициялары есебінен М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде 300 орындық концерт залы пайдалануға берілді.
Мұғалімдердің кәсіби дамуы мен цифрландыру
Ұстаздардың кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінді. 10 мыңнан астам мұғалімнің біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілді, ал «Мерейлі ұстаз» жобасы аясында 8 мыңға жуық педагогке әдістемелік көмек көрсетілді. Соңғы үш жылда 8 ұстаз «Үздік педагог» атағын иеленсе, 13 білім беру ұйымы «Үздік орта білім беру ұйымы» облыстық грантын жеңіп алды.
Облыстағы барлық білім беру ұйымы 100% цифрлы бейнебақылау жүйесімен, турникеттер және дабыл түймелерімен жабдықталды. 46 мектепке 48 жаңа кабинет, 320 интерактивті панель орнатылды. 127 ауыл мектебінде интернет жылдамдығы 4 Мбит/с-тен 100-200 Мбит/с-ке дейін артты.
Оқушылардың жетістіктері
Абай облысының оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Республикалық олимпиадаларда 200-ден аса жүлделі орын, халықаралық байқауларда 50-ге жуық медаль иеленді. Сонымен бірге WorldSkills кәсіби чемпионатында Абай облысының командасы екі жыл қатарынан республика бойынша көш бастады.
Әлеуметтік қолдау және қауіпсіздік
311 білім беру ұйымында тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды, 54 мыңнан астам оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл бастама әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен бастауыш сынып оқушылары үшін үлкен қолдау болды.
Болашаққа жоспарлар
Абай облысында функционалдық сауаттылықты арттыру және білімдегі олқылықтарды жою мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 303 білім беру мекемесі «BilimClass» отандық білім беру платформасына тегін қосылды. Сонымен қатар «Beyim.ai» оқыту платформасы арқылы нысаналы мектептерге жаңа мүмкіндіктер берілді.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жетістіктер – ұстаздар қауымының, ата-аналардың және білім саласы мамандарының бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі