Абай облысының химия пәні мұғалімі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында күміс жүлдегері атанды
Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арқан тартыс бойынша Қазақстанның әйелдер ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Абай облысының спортшысы, химия пәні мұғалімі Әйгерім Жұманова күміс жүлдеге ие болды.
Әйгерім Жұманова Үржар ауданы Таскескен ауылында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы университетінде «Химия және биология» мамандығы бойынша білім алып, қазіргі уақытта Семей қаласындағы №30 жалпы орта білім беретін мектепте химия пәні мұғалімі болып қызмет етеді. Ол еңбек жолын ауыл мектебінде бастап, кәсіби мұғалімдік қызметімен қатар спортта да зор жетістіктерге жетті.
Арқан тартыстан бірнеше мәрте республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері. Бұдан бөлек, жеңіл атлетика, самбо, дзюдо және үстел теннисі секілді спорт түрлеріне де белсенді қатысып, түрлі жарыстарда жеңіске жеткен. Сондай-ақ шахматтан облыстық деңгейде үздіктер қатарынан танылған.
Әйгерім Жұманова өзінің ұстаздық қызметі мен спорттағы жетістіктерін ұштастыра отырып, жас ұрпаққа үлгі болып, Абай облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналды.
Абай облысы ББ баспасөз қызметі