Абай облысының мектептерінде антибуллингтік бағдарламалар мен психологиялық қолдау жұмыс істейді
Абай облысында 2023-2025 жылдарға арналған балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау, зорлық-зомбылық және суицидтің алдын алу жөніндегі Кешенді жоспар аясында мектептерде психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған озық бағдарламалар енгізілуде.
2024-2025 оқу жылының басынан бастап өңірдегі төрт пилоттық мектепте оқушылар арасындағы буллингтің алдын алу және оны жоюға бағытталған «KiVa» антибуллинг бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама Финляндиядағы Турку университеті әзірлеген және Еуропа мектептерінде кеңінен қолданылады.
«KiVa» бағдарламасы бірнеше деңгейде жұмыс істейді. 2024 жылғы тамыз айында Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында пилоттық мектептердің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары, педагог-психологтар және сынып жетекшілері оқытудан өтті. Пилоттық мектеп директорлары Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен республикалық семинарға қатысып, бағдарламаны енгізу әдістемесін тереңірек меңгерді.
Сонымен қатар облыстың бес пилоттық мектебі балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға бағытталған «Өркен» Ұлттық ғылыми-практикалық институты әзірлеген «ДосболLIKE» бағдарламасын іске асыруға қатысуда. Бұл бағдарлама 1-11 сынып оқушыларын қамтиды және қауіпсіз әрі қолдау көрсететін мектеп ортасын қалыптастыруды көздейді.
«ДосболLIKE» бағдарламасы аясында 327 педагог буллингтің алдын алудың ғылыми-практикалық негіздері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Пилоттық мектептердің жұмысын Абай облысының Білім басқармасының Өңірлік психологиялық қолдау орталығы үйлестіреді. Орталық балаларға кәсіби көмек көрсетумен қатар, мұғалімдерге күрделі өмірлік жағдайларда қолдау ұйымдастырады.
Орталық әзірлеген әдістемелік ұсынымдар девианттық мінез-құлықтың алдын алу, психологиялық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлердің алдын алу, сондай-ақ оқушылардың жауапкершілігі мен денсаулығын нығайту мәселелерін қамтиды.
«KiVa» және «ДосболLIKE» бағдарламалары облыстың білім беру ұйымдарында жайлы және қауіпсіз атмосфераны қалыптастыруға, балалардың үйлесімді дамуы мен олардың психологиялық әл-ауқатын қолдауға бағытталған.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі