Абай облысының мұғалімі бағдарламалауды ойын арқылы меңгертіп жүр

Абай облысының информатика пәні мұғалімі Наталья Елюбаева «Код әлемі» зияткерлік ойныН жасап шығарды. Бұл компьютерлік ойын бағдарламалау негіздерін ұлттық дәстүрлермен үйлестіре отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Ойын 10+ және 14+екі жас санатына арналған. Кіші топтағы оқушылар үшін визуалды блоктар қолданылады, бұл оларға кодтау негіздерін жеңіл әрі түсінікті меңгеруге мүмкіндік береді. Ал ересек оқушылар Python бағдарламалау тілінде код жазып, қателерді түзетуге көмектесетін жасанды интеллекттің қолдауымен жұмыс істейді.

Әр деңгейден өткенде тапсырмалар күрделене түседі. Ойын барысында функциялар, массивтер, рекурсия, графтар сияқты бағдарламалау ұғымдары қамтылады. Ерекшелігі — тапсырмалардың қазақтың ұлттық дәстүрлеріне негізделуі. Бұл тәсіл оқушылардың логикалық ойлауын дамытып қана қоймай, олардың мәдени мұраға деген қызығушылығын арттырады.

Қазіргі таңда ойын мектеп бағдарламасына енгізіліп, оқушылар мен мұғалімдер қолданып жүр. Осындай жаңашыл әдіс бағдарламалауды меңгертуде тиімді.

Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі