Абай облысының мұғалімі қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жасанды интеллект платформаларын тиімді қолданып жүр

Абай облысы Семей қаласындағы №17 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Карлығаш Шаяхметова өз сабақтарында жасанды интеллект платформаларын тиімді қолданып,  оқушылардың білім алу процесін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Білім беру саласындағы соңғы жетістіктерді пайдалана отырып, ол оқу үдерісін интерактивті әрі қызықты өткізіп жүр.

Заманауи мұғалім LearningApps.org платформасын қолдана отырып, оқушыларға қазақ әдебиетінің шығармаларын жаңа форматта ұсынады. Сабақ барысында интерактивті тапсырмалар оқушылардың білімін тексеріп қана қоймай, олардың танымдық қызығушылықтарын арттырады. Әр оқушыға жеке тапсырмалар беріліп, олардың деңгейі мен жетістіктері қадағаланады. Қазір оқушылардың оқу мотивациясы жоғарылап, сабаққа деген қызығушылықтары артып келеді.

Сонымен қатар D-ID қосымшасын пайдаланып, ақын-жазушылардың бейнелеріне жан бітіру арқылы шығармашылығын оқушыларға жаңа қырынан түсіндіреді. Бұл тәсіл тыңдау дағдыларын дамытуға және тарихи тұлғалар туралы мәліметтерді есте сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ Magic School платформасында сабақтарды жоспарлап, шығармашылық сұрақтар құрастыру және әр оқушымен жеке жұмыс жүргізіп жүр.

Мұғалімнің айтуынша, жасанды интеллект құралдарын пайдалану оқушылардың оқу үлгеріміне оң әсер етіп, олардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырды. Ол оқушылардың әр сабақта белсенді түрде қатысып, өздерінің білімдерін тексеріп, жетілдіре алатындығын атап өтті.

Осылайша, мұғалім білім беру процесін заманауи технологиялар арқылы жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға сапалы білім беруде инновациялық әдістерді қолданып келеді.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі