Абай облысының мұғалімі ұлттық ойындар арқылы математиканы үйретіп жүр

Бородулиха ауданы Жезкент кенті мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Сымбат Есенжол оқушылардың белсенділігін арттыру үшін ұлттық ойын түрлерін пайдаланып келеді. Жас маман ұлттық құндылықтарға негізделген оқыту тәсілдерін математика сабағын қызықты әрі танымды етіп өткізуде қолданып жүр.

Сымбат Есенжол сабақ барысында «тоғызқұмалақ», «асық ату», «қыз қуу», «арқан тартуды» математика есептерімен ұштастырады. Мысалы, «тоғызқұмалақ» ойынында оқушылар жақшаларды ашу және жабу есептерін шығарып, әр есепке құмалақ жинайды. «Асық ату» кезінде оқушылар асықтардың мәндерін есептеп жарысса, «қыз қуу» ойынында теңдеулерді шешкен сайын алға жылжиды. «Арқан тарту» тепе-теңдік өрнектерін ықшамдауға арналған. Бұл әдістер оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, олардың пәнге деген қызығушылығын күшейтеді. Сонымен қатар ұлттық ойындар балалардың смартфондарға тәуелділігін азайтып, физикалық белсенділіктерін арттыруға да септігін тигізеді.

«Шетелдің әдіс-тәсілдері қазір көп. Бірақ мен ұлттық құндылықтарды сабаққа енгізу арқылы балалардың математикаға деген қызығушылығын арттырғым келді,» – дейді жас ұстаз.

Сымбат Есенжолдың бұл тәсілі тек математика сабағында емес, оқушылардың жалпы жан-жақты дамуына, сондай-ақ қазақ халқының дәстүрлерін жаңғыртуға да ықпал етуде. Жас маман бұл ойын түрлерін орта сынып оқушыларына қолдануды тиімді деп санайды.

Абай облысы ББ баспасөз қызметі