Абай облысының оқушылары ескі кілттерден ұлттық ою-өрнек жасады

Үржар ауданы Абылай хан атындағы орта мектеп-бақшасының шәкірттері Інжу Қайнарқызы мен Алена Кравчук ескі кілттерді шығармашылық жұмысқа пайдаланып, ерекше қолөнер туындысын жасады. Жетекшісі – Галина Середина.
Тозығы жеткен металл бұйымдарды қайта өңдеп, пайдалы өнер туындысына айналдыру идеясы олардың шығармашылық ізденісінен туындаған. Бұл жұмыс арқылы жас шеберлер өз қолөнер қабілеттерін дамытып қана қоймай, қайта өңдеудің экологиялық маңызын да көрсетті.
Оқушылар 252 ескі кілтті қолданып, қазақтың көркем ою үлгілері бейнелеген. Көркем композицияда қошқар мүйіз, қыңыр мүйіз, қаз мойын оюларының элементтері пайдаланылған. Ұлттық нақыштағы бұл ерекше туынды қазақтың дәстүрлі өнерін жаңғыртуға және эстетикалық талғамды дамытуға бағытталған.