Абай облысының оқушылары үзілісте қамшы өреді

Абай ауданындағы Жалпы орта білім беретін мектепте ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оқушылардың қолөнерге деген икемін дамыту мақсатында «Қамшы өру» үйірмесі жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта үйірмеге 60-қа жуық оқушы қатысып, аптаның алғашқы екі жұмыс күнінде тақырыптық жоспар бойынша сабақ өтеді.

Оқушылар қамшының құрылымын меңгеріп, үш өрімнен бастап 12 өрімге дейін өруді үйреніп жүр. Сонымен қатар олар қамшыны дайындау барысында өлшеу, пішу, қию сияқты кезеңдерді сатылай орындап, сапалы нәтиже көрсетіп келеді.

Үйірме уақытынан тыс, қоңырау кезінде де оқушылар қамшы өреді. Үйірме жетекшісі Айбын Жұматай  «Қызықты үзіліс» форматында оқушыларға қамшы өрудің үлгісін көрсетсе, икемі бар балалар қатарластарына өз өнерлерін паш етеді.